Мұқағалиға арнау

Мұқағалиға арнау

Қарасаздың түлегі Алып тұлға,
Қазақтың ақындығын таныттың ба?!
Күпі киген өлеңге шекпен жауып,
Көңілін тауып кеттің халықтың да.


Соғып тұрса жырға толы сағатың,
Қалмас тіптім, аласұрып тағатым.
Мұқағали- мұзбалағы қазақтың,
Шоқ жұлдызы, төрден орын алатын.

Қазақша сайратыпсың Днепрді,
Сонеттерін Шекспир, Уитменді.
Өз жырларың секілді Хан тәңірі,
Өзгелерден оқ бойы биіктелді.


Қанша өкініш өртесе де өзегіңді,
Өзіңе аян, төзер не төзбесіңді.
Өксік толы кеудеңді таптатпадың,
Өзге емес, жұбаттың өз-өзіңді.

Қайнап жатыр жыр-әуеннің қазаны,
Ақиқаттың айтылуда азаны.
Жырларыңмен сусындап, шөл қандырып,
Қанша ұрпақ өзің жайлы жазады.

Өзіңді оқып ұрпағың өсіп жатыр,
Том-том кітап қолдан-қолға көшіп жатыр.
Жыл сайын еске алып туғаныңды,
Тойлатып, жылнамаға қосып жатыр.

Сара жолдар жатыр әне жүріп өткен,
Ғашықтар көп, жырларыңды сүйіп өткен.
Қуан аға, ұрпағың көп еске алатын,
Мұқағали есімін биіктеткен.
#Мұқағалиға90жыл #мұқағалиғаранау



Бөлісу: