Мен-қазақпын, көп халықтың бірімін
Біреуге пәс, баз бірдеудің пірімін.
Қазақпын деп, соққан менің жүрегім
Соқсын мәңгі, өйткені мен тірімін.
"Көшпенділер" жалғасымын, жұрнағы
Жаһан кезіп, жайлау салған қырдағы
Найза ұшымен қорғаштаған жерімді
Мен-қазақпын, батырлардың ұрпағы
Мен - қазақпын, "Желтоқсанда" құлаған,
Қайраным жоқ көздің жасын бұлғағам
Жасытқанда жастығымның жігерін
Мың қазақпен мен де бірге жылағам
Мен - қазақпын, ар-намысын ойлаған,
Сан жылдарда салт-дәстүрін жоймаған
Тәуелсіздік тұғырында нық тұрып,
Мен - қазақпын, 25жылдықты тойлаған
Әз тілім бар қазақ деген анамның,
Дінім де бар, арашасы санамның
Ата Заң бар алақаны аялы
Мақұлдайтын армандарын бабамның
Ғасырлардан жылжып келген ғажап күн,
Ата-баба аңсап кеткен азат күн
Енді қайтып кір шалмасын қабағын
Бостандығын тойлап жүрген қазақтың
А.Қалмағанбетова