***
Жолықпашы жол түспес жолда маған
Кезікпеші түндерде Ай қолдамаған
Ең жарық көшесінде қиялымның
Ең нәзік гүлді сыйла , сонда маған!
Селкеу түспес сезімнен кенде ме адам
Сергелдең сәттеріңде сенбе маған!
Ғаламның ең ғажайып ертегісін,
Ақ адал қолдарыммен емдеп алам!
Саған әр қадамымды санай барам,
Таң күтіп ғұмырымнан арайлаған
Үнсіздік бізге ғажап өзгеше сыр
Үздігіп үзілердей қарай ма адам?
Бақтарды кешқұрым сәт біз аралар
Жаныма бір ерекше ән оралар
Қиялды енді жалғыз кезсең егер,
Өзіңмен мен сүйетін гүл ала бар!
Аспан әлдиі
Жер-дүние дем алуда
Тынымсыз тіршіліктен
Болмайды көп алуға,
Үлесті ескі үміттен!
Талықсып масаурайды
Батқан күн ұясында
Өлеңдер жасаурайды,
Қаламның сиясында!
Аспаны әлдилеген
Жерді де ұйқы қысып.
Ана отыр сәбиімен,
Тамсанып, сүйсінісіп!
Ай қалқып аспанында
Тіршілік түнермесін!
Жырыңмен жасқадың ба,
Іркіліп күлер несін?
Жұлдыздар жанарында
Жіберді емеурінтіп.
Көк ғарыш ғаламында,
Отырмын өлеңдетіп!
Ана отыр әлдиімен
Қысып ап құшағында!
Аспанның сәбиі ме ең?
Дүние ұшағында?!
***
Мұң ба екен, өзіңді өзің аңсамау
Қиын ба әлде кезбейтінің ғаламды
Ең оңайы өзіңді өзің ән санау,
Ең жеңілі күліп алу таң алды!
Болмай кету Аспаныңның музасы,
Бармай кету ертек толы ғаламға!
Көше кезіп қыдырмау да түн асып
Арманыңмен күтіп тұрған бір алда!
Бола ма екен теңіз сонша тым қатал
Сүре ме өмір, Ай сұлусыз түнгі аспан
Ең оңайы , ұйқыңды ұрламау,
Ең қиыны, жазбай кету жыр дастан!
Мақпал Рахатқызы