Ех тағдырым!
Сенің де бардай сиын,
Бірақ бүгін ауырлау жағдай-күйім,
"Енді мені ұмытшы" деген жанды,
Ұмыту қандай қиын!
Қара күздің биылғы сыйы қатты,
Жесір мұңның жәй-күйі қиындапты.
Бір болуға ұмсыну тұрмақ бізге,
Бір қалада тұру да бұйырмапты.
Біздің көктем келмеске кетті..бітті..
Кім үшін оятамын текке үмітті?
Дегенменен мен сізді күту үшін,
Бір белгінің өзі де жеткілікті.
Күз келгенде жүрекке жара тұңған.
Сынық сәуле іздеймін қанатыңнан.
Бәлкім сіз кетіп қалар алыс шалғай,
Мен күтсін деп әдейі жаратылған.
Қытықтайды жанымды күзгі үн, дем.
Жанарымда моншағын үзді бірден.
Мені қойшы, мен сізді күтемін ғой,
Сізді мүлдем білмеймін..сізді мүлдем?
Ақгүл Айдарбекова