Кітаптар назы

«Бөтен үйде қонуды тегінде жаным жақтырмауды еді, бүгінгі ұйқым садақа болайын деп тұр ғой. Не де болса, басқа амалым жоқ. Құдашамның көңіліне қаяу түсірмей-ақ қояйын. ..

Қарным шұрқырап барады. Жабыққан көңілімді ыстық тамақпен алдауға көніп тұрғанымда тезірек жеткеніміз дұрыс еді. Неге ұзап кетті екен, мына жол. Айнала тіпті тас қараңғы ғой. Масқара, мына жапан түзде де адамдар тұрады ма өзі. Көліктің зымырандай ұшып бара жатқанына қарағанда, ауылдың қарасы әлі көрінбейтін сияқты.

Қасымда отырған қыз ба, ұл ма? Көліктің алдына жайғасып алған құдашам «Айжан, Айжан» деп қояды өзіне. Басындағы телпегі, үстіндегі кең жейдесі мен шолақ шалбары ұлдардікіндей екен. Дауысынан таныйын десем, бұл Айжаның сықылықтап күлгеннен басқа жақ ашпады да ғой, тегі. Әй, не де болса жаңадан бойжетіп келе жатқан еркекшора қызға ұқсатып отырмын.

Жеттік-ау әйтеуір. Аяғым жерге тиіп, рахаттанып тұрғанымды қарашы. Неткен таза ауа! Ауылдың исі мұрнымды қытықтап барады. Үйдің іші де мен ойлағаннан анағұрлым жайлы болып шықты. Алдымнан қарсы алған құдағи да немересіндей жылы құшақпен қарсы алды. Әзірге көңіл жақтан шағым жоқ, соған шүкір. Міне, қызық, мені ой түбіне батырған әлгі Айжан ешқандай да мектеп оқушысы емес, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің дардай мұғалімі екен. Дегенмен, еркекшора деген жорамалым дәл келіпті.

Мәссаған! Мына бөлмеде мен ұйықтаймын ба бүгін?! Құдды әлем зиялылары мені аяқтан тік тұрып қарсы алғандай сезімде тұрмын. Кеудемді ұлы сезім билеп кеткендей менің. Қабырғаға сүйеніп тұрған том-том кітаптар манадан бері өзімді тосып тұрғандай-ақ. Көзім тоймай тұрғаны...Өзімді бір биіктен көріп тұрғандаймын. Рухани дүниемде той басталған сияқты. Онда Абай мен Әуезов, Күлаш пен Фариза, Мұқағалилар да жүр. Толстой мен Маяковский, өй, шетелден де күшті қонақтар келіп қалыпты ғой...Өңкей сөз жүйріктері ғой, бір микрофонға таласып-тармасып сөйлегіш болып жатыр...

 – Ғасырлардың куәгері біз едік,

Бұрыс ойды талай жастың түзедік.

Ал бүгін ше, шаң көрпесін жамылып,

Оқылмайтын жалғыздардың бірі едік...

 – Жо-жоқ,

Мен бәріңді қазір міне, оқимын,

Сендердегі білімді ойға тоқимын.

Қандай бақыт – мұнша асыл дүние

Мені күтіп төрінде тұр осы үйдің....

– Қанша әріп, қанша сөз бар сөреде,

Бізді сонда мүсін ұқсап көре ме?!

Ашпаса егер бетімізді парақтап,

Кітаптардың даңқы мәңгі өле ме?

– Абай, Сәкен, Ілекең мен Фариза,

Шекспир, Толстой ғұламалар тағы да.

Бәріңді мен оқып бұл түн үлгермей,

Қалардағы күдік батты жаныма.

 – Аманатын ақындардың кешегі,

Жазушының өмір жайлы есебі.

Ғалымдардың өсиеті осылай,

Өше ме деп күнде дауыл еседі...

–Кешіріңдер, жалған сөйлеп қуанттым,

Оқимын деп өзіме ерте жүк арттым.

Әр кітапты бір-бір шолып, парақтап,

Тым болмаса өзімді мен жұбаттым, - деп кітаптармен жарыса айтысып кеткенімді байқамай қалған екенмін...

Күбір-күбір әңгіме қайдан шығып жатыр өзі. Кірпігімді көтеруге ерініп жатқаным-ай. Бәсе, таң атқан екен ғой. Бөлменің іші жап-жарық, кешегі той сарсаңы біткен бе?! Кітаптар сөресіне қаз-қатар тізіліп тұра қалғандай. Қимай тұрмын. Тағы бір күн қалсам ба екен, ә?!»

 



Бөлісу: