Көріспегелі көп болды

Көріспегелі көп болды...


Сағындым,

Жыладым,

Көңліме мұң толды.

Екеуіміз көп жүрген бір жолды

күн сайын өтемін,

іздеймін, күтемін,

сонымен күз болды.

Ол кезден көп нәрсе өзгерді - 

біз сүйген тағамдар,

ұнатқан адамдар -

Бәрі де, бәрі де өзге енді.

Өзгерді қаланың ажары,

Екеуіміз үйренген.

Саябақ, серуен...

Тіпті де басқаша соғады самалы.

Қазірде тым басқа жұмысым,

жоғалды көп ойлар,

өртенді көп сыйлар,

тым басқа ашылды тынысым.

Телефон шырылын күтпеймін -

"Еркінмін!"- деп қоям,

бос сөзге де тоям,

сондықтан, сөз шығын етпеймін.

Мұң шақтым - тек реніш байқама,

Өзгеріп кеттің деп,

Мені әлек еттің деп,

Басыңды бекерге шайқама.

Өзгердім деуден мен танбаймын,

себебі әлі де өзгерем.

Мен сені есіме алмаймын,

себебі ұмытып көрмегем...



Бөлісу: