1 Байқаймын дәйім, жүресің ауыр күрсініп,
2 Тіл қатпай маған, өмірге мына қырсығып.
3 Білесің бәрін, сезесің заңын өмірдің,
4 Бұл өмір – сынақ, тағдыр - далбаса тіршілік
1 Кеудеңде кек тұр, көзіңе ыза тығылып,
2 Селт етер емес селдіреу ғана бір үміт.
3 Қорқамын сенің үмітсіз осы көзіңнен,
4 Қалмашы жаным қайтара тағы жығылып.
1 Біз бір ғұмырмыз дария кешіп көрмеген,
2 Тағдыр дейтұғын толқынға төтеп бермеген.
3 Тәкаппар көңіл танытқанменен тағылық,
4 Өмірді қолдан өзгерту сірә келмеген.
1 Жүйріктей жылжып жалғасар бір күн бір түнмен,
2 Ақ пенен қара, қайғыда қатар күлкіңмен,
3 Керуен көшіп осылай өмір өтерін,
4 Қыршын ғұмырдың қиылар сәтін кім білген.
1 Сырғыса уақыт алыстап сенде барасың,
2 Көруден қалдың ақ пен қараның арасын.
3 Бақытқа тұнып тұруы керек жанардан,
4 Тау суы тұнық толассыз неге тарасын.
1 Тоқтатсаң енді жылауды тоқтат мәңгіге,
2 Бұл өмір саған мейірлі көзбен қарасын.
3 Санаңнан өшір жамандық деген жауызды,
4 Ұмытсын жүрек, ұмытсын жүрек жарасын.