Таңдарым үшін арайлы,
Жазғаным үшін бір өлең.
Сырлас қылғанда жан - Айды,
Түн бесігінде түнеген.
Көргенім үшін күнді әсем,
Жүргенім үшін гүл құшып
Мен бұлай еркін күлмес ем,
Сен мерт болмағанда оққа ұшып...
Қарызбын саған, ардагер!
Бұлбұлым үшін шырқаған,
Бір күнім үшін бақытты.
Су алғаныма жылғадан,
Шаңырағым үшін шаттықты.
Қырларға шығып, көкті есіп
Бақтарға барсам мәуелі
Өз басын емес, от кешіп,
Отанын сүйген, әуелі -
Қарызбын саған, ардагер!
Барасың, сірә, азайып,
Ажалды кім бар кештетпек?!..
Қадірің білмей қарайып,
Жолыңнан өтсем кес-кестеп,
Бейбіт күндегі ұрпағың
Бейберекетсіз есірсе,
Қан кешкен отты жылдарды
Ұмытсақ, бізді кешірші...
Қарызбын саған, ардагер!
Рахмет саған, ардагер!
Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.