Қара терек

Қара терек
жеке
блог

Қара терек
Маңайыңа келсем бірден ұласамын
бала күнге, армандаумен қыр асамын.
Ауламдағы жайқалған қара терек,
Бүгін саған өзегімнен сыр ашамын.
Сені көрсем біраз тұрып ойланамын,
Саяңа кеп талай шауып ойнағанмын.
Отырып ап армандайтын әр нәрсені,
Қиялданып кетуімді қоймағанмын.
Биіктерге көтеріліп самғап ұшып,
Кей кездері шағыламын жаңғақ құсап.
Ауылыма келгеніммен қайта кеттім
Жел айдаған тұрақсыз қаңбақ құсап.
Сен ойлама мен өз басын ойлап жүр деп,
Қала жақта сауық-сайран тойлап жүр деп.
Ойла бірақ, әке үмітін ақтау үшін
білім қуып, еңбек жолын бойлап жүр деп.
Сенің барып тамырыңды бұзбағанмен,
Кейде сенен өз үйімді қызғанам мен.
Сен секілді сол аулада тұра алмадым,
Сағыныштан көкірегім сыздағанмен.
Қара терек тамыр жайып тұра берсін,
Менің бала күндеріме куәгерсің.
Сенің келіп көлеңкеңде дамылдайтын,
Әлі талай қызық күндер туа берсін.