Жүрек берді
блог
Жүрек берген адамға сүю үшін,
Махаббаттың жалынында күю үшін.
Ащы-тәтті дәмдерді сезімменен,
Жанымыздың тереңіне түю үшін.
Жүрек берген адамға сезу үшін,
Бақытты іздеп әлемді кезу үшін.
Кереметін ғаламның есте сақтап,
Қуанышта көрік болар езу үшін.
Жүрек берген адамға жыласын деп,
Қасіретін,қайғысын жырласын деп.
Жан-дүниесін сипаттап түрлі түспен,
Ұрпақтарға аманат жалғасын деп.
Жүрек берген адамға иманды деп,
Сақтағайсың байлығыңды,жиғанды деп.
Әр сөзіңді саралап,салмақтап бірақ
Өзгеге айт,жеті өлшеп,бір қиғанды деп.
Жүрек берген адамға көмек үшін,
Сүйгені үшін,жан беріп,өлмек үшін.
Айылын жимай,қасқайып,қарсы тұрып,
Дүниеге мың рет қайта келмек үшін.
Журек берген адамға өмір үшін,
Ақ сұпыдай ақ ниет,көңіл үшін.
Жылғыз өзі тіршілікті ұстап тұрған,
Құдіретін біледі,адам күшін.