Ұлы тұлға, ұлы ақын, ұлы қаламгер, ұлы ойшыл. Бұл сөздердің барлығы ұлылықтың шыңына арналады. Абай Құнанбайұлындай өресі биік, ұлтжанды тұлғаны танымау, оны үлгі тұтпау қателік. Абай атамыз әр оқырманның жүрегіне жеткізер, сүйегінен өткізер сөздерді алтын сүзгіден өткізіп өне бойыңды тебірентіп жібереді.Абай Құнанбайұлының сол бір “Ғылым таппай мақтанба”, “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” деген өлеңдері менің жүрегімнің төрінен ерекше орын алған. Себебі бұл өлеңдер өмірлік маңызы бар ғибрат аларлық дүниелерді тереңінен бойлай жеткізген. Абай Құнанбайұлының лирикалары да, жүрегін жарып шыққан айғайы, айналаға деген, дүниеге деген махаббаты мен қарғысы болса да азды-көпті өмір философиясына толы, сондықтан Абай лирикасының көп бөлігі терең әрі астарлы, адамға терең әсер қалдырады. Оның көңіл күй от шашуынан әрдайым ақиқаттың сәулесі жарқырап тұрады.Бүгінгі жазбамда жүрегімнің түбіне терең бойлаған Абай шығармашылығының баурап аларлық туындыларына тоқталатын боламын.
Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл –ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев – өз ұлтының реалистік гуманистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің ең басты мәселелерін дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогрессшіл ақын. Ол халқының болашағы үшін жан аямай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің алға қойған сұрауына жауап беріп, елінің әдебиет көшін алға жетеледі. Кемеңгер ақынның ұлы мақсат-мүдделері бізге тамаша гуманистік әдеби еңбектері арқылы жетті. Абай қалдырған бұл мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтыды, сол кездегі қазақ елінің шын сырын аша білді. Біздің ғалымдар әлі де Абайды толық зерттеп, біліп, үлгерген жоқ. Абай –ағартушы, гуманист ақын ғана емес, сонымен бірге, ақынның кемеңгерлігін, шеберлік суреткерлігін айқындап, өз елінің өнер қазынасын зерттеуші, тарих, әдебиет ілімін үйретуші ұстаз деуге әбден болады. Абай сияқты тұлға мың жылда бір келетінін ескерсек, біз Абайтану ілімін зерттеуге бар күшімізді жұмсауымыз керек деп білемін.Абай көптің бірі емес. Жеке дара туған талант. Ол адам баласын бөлмей түгел бауырмашылдықпен, бәрінің де бақытты болуын, бірдейлік дәрежеде өмір сүруін, ешкім қиянаттың құрбаны болмауын тілеп, адам баласының бәрін де өз бауыры ретінде қабылдады.
Ендігі кезекте Абай Құнанбайұлының “Ғылым таппай мақтанба” деген, жүректі бойлап ақылыңа ақыл қосар ғибратты туындысының тебірентерлік тұстарын баяндап өтсем.
Ғылым таппай мақтанба ,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге,
Бес нәрседен қашық бол.
Осы бір өлең жолдары арқылы Абай Құнанбайұлы жас ұрпаққа өмір сүруді үйретіп , оның болашақ өсу ,даму жолдарын байқатар басты нәрсе-ғылым деп көрсетеді. Саналы азамат болып, саналы өмір сүру үшін, ғылымды үйреніп, тәлімге тәнті болу керек деп көркем түрде ойын жеткізеді. Адам болам десеңіз деп келеді де ғылым тауып, адам болу үшін не істеу керек дегенде, Абай “Адам болу’ қағидасын ұсынады. Бес дұшпанға бой алдырған өз замандастарының қылықтарын «Дос жылатып айтады» дегендей жеріне жеткізіп, сүйегінен өткізіп айтып, олардың «ұятын, арын, оятып» адам болғысы келген адамның асық болар “бес асыл ісін” өсиет етеді. Бес асыл іс: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Бес дұшпан: өсек, өтірік, мақтаншақ,еріншек ,бекер мал шашпақ (ысырапшылдық). Яғни бұл өсиеті арқылы адамның адам болуы тек өзіне байланысты екендігін жеткізіп, шын жанашырлықпен оқырманның жүрегіне жеткізеді.
Ендігі кезекте жан жарасы жазылмаған ойшылдың “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” деген өлең жолдарындағы жүрек тебірентерлік, ой саларлық басты идеяны талдап көрелік.
“Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ- барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға ермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін,
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей,- дей отыра жас ақындардың өлең жазуы үшін көкірекке сезімнің, тілге орамдылықтың, әр шумақпен сөзге орайлылық аса қажеттігін айтады. Ақындарға сынауымен қатар, ақын мен ақындық өнердің міндеті жайында сөз ете келіп, қазақ деген қаны бар талапты, талантты жас ақын жандыларды үлкен мақсатқа бағыттай, болашаққа жол көрсетеді. Мінекей , Абай атамыздың кезекті туындысы да жанашырлықпен, терең оймен, әрі жүректегі жалынмен жазылғаны көрініп ақ тұр.
Абай Құнанбайұлының әр туындысы-жалын мен рухты қажет етер жан үшін жүрекке жетіп жатса, ақыл мен қайратты қажет етер жан үшін сүйектен өтеді.Жазбаны қорытындылай келе қазақтың ұлы, қайталанбас Абайы елдің ері бола білгендігін, және де ұлттың ұлысы атанғанын айта өткім келеді. Ақынның жанынан жәй ғана жүректі тебірентер сөз шықпауы керек, ақынның жанынан жүректің түбіне терең бойлайтын сөз шығуы керек,және оқырманмен бағалануы керек дегім келеді.