Жұлдызға мойын созған мұнар тау
блог
Ғаламтордан мына бір суретті көргенімде ортада бейнеленген тау мен аспандағы жарық жұлдыздың арасында бір тылсым байланыс бардай көрінді. Сөйтіп осы таудың жаратылысын, оның жұлдызға деген ұмтылысының сырын тауып көруге тырыстым. Жалпы ғаламторға бірінші рет толық туындымды салып отырғандықтан қатты сынамауларыңызды сұраймын, дегенмен құрылымды сынға қашан да ашықпын. Ендеше “Жұлдызға мойын созған мұнар тау” атты аңыз-ертегімді назарларыңызға ұсынамын. (Сурет https://longwallpapers.com/night-mountain-wallpapers-wide/night-mountain-wallpapers-wide-for-desktop-wallpaper/ сілтемесінен алынған.)
Ертеде бір ханша қыз болған екен,
Сарайы бойдақтарға толған екен,
Ханзадалар қолын сұрап көп келсе де,
Ешбіріне көңілі толмайды екен.
Жүзіктің көзінен бір өткендей-ақ,
Сұлу жүзді, мінезі қиын бірақ.
Кең маңдайлы, қиғаш қасты ханшайымды
Бай ханзада сүйген екен, көптен бойдақ.
Жігіт байғұс ханша алдына жүз келеді
Жүз болмаса, жүз бірінші бар келмегі.
Жүз елдің сыйын тарту етсе дағы,
Ханша мұның көңілін ескермеді.
“Сұлу ханша, жүзіңізге тамсанамын,
Өзіңізге тең сұлу жоқ санадым.
Қандай ерлік қылсам егер алдыңызға,
Жасқанбай өзіңізге сөз саламын?”
“Ниетің маған деген анық болса,
Сөздерің сезіміңе лайық болса,
Түнгі аспанның жұлдызын, әдемісін
Ұшып жетіп, қолыма әкелесің.”
Шын сүйіпті ханзада бұл еркені,
Еш күмән жоқ сезімнің пәк екені.
Сол сезімнің құдіретті сиқыр күші
Жас жігітті лезде алып құс етеді.
Қанат қағып көк биікке құс самғайды,
Жұлдызды іздеп, түнгі аспанды аралайды.
Ең жарығын табамын деп сол аспаннан,
Тоқсан күн, тоқсан түнде оралмайды.
Жас жігіттің сезімімен ойнаған,
Бос тілекпен құтылдым деп ойлаған,
Ханша енді қателігін түсініп,
Жанын еш сәт тыныштыққа қоймаған:
“О, құдайым! Сүйгенімді білмеппін,
Адал теңді ел алдында күлкі еттім.
Енді қалай жер баспақпын бұл дүниеде?
Мені оның соңынан сен жөнелткін.”
Қыз тілегі аса күшті болған ба екен?
Әлде тәңір оған жаза қылған ба екен?
Әйтеуір сол мезетте-ақ ару ханша
Қыз кейпінен тауға айналып қойған екен.
Басын көкте бұлттардан да асырып,
Көздің жасын бұлақтарға жасырып,
Іздейді екен жұлдыздың ең жарығын
Сол жерде бір көрісуге асығып.
“Себелеген жаңбырдан
Мұхит суы толғанша
Өтсін мейлі күн қанша
Өтсін мейлі жыл қанша
Мен өзіңді күтемін
Күн менен ай аспанды
Мың айналып шыққанша”-
Деп зарлайды тау-ханша.