Жаным, анам, бүгін сенің мерекең!!!
блог
Қандай ғажап, шуақты күн не деген!
Нұр саулайды ағыл-тегіл төбеден
Нұр ішінде гүлге айналған бір өзі -
Жаным, анам, бүгін сенің мерекең!
Сүйіншілеп жел жүгіріп, ұшып бақ
Жел қойнынан көп қуаныш түсіп қап
Шатырдағы соңғы қар да тамшы боп,
Жерге тамып қол соғады құттықтап.
Құттықтайды жүгірген де, ұшқан да
Көктем келіп дарығандай күш талға
Бүршігімен сүйіп әсем бетіңнен,
Қанатымен ән сыйлайды құстар да!
Бұлттар-дағы бар моншағы шашылып
Кемпірқосақ көкжиекке асылып
Ана, сені құттықтайды көк шөп те
Табаныңа төселуге асығып
Жаным, анам, іздеріңнен ерейін
Басқаныңнан бақыт тауып берейін
Сенен артық байлығым жоқ жалғанда,
Ана, саған қандай сыйлық берейін?!
Жұлдыз БЕЙСЕК
Ана, ана –
Жалғандағы жалғыз ән,
Сезімімді оятатын қалғыған.
Мүмкін сенің суретіңді құсқа айтып,
Қауырсынмен ай бетіне салғызам.
Ана, ана –
Ең әдемі сөзім бұл,
Ең шуақты, ең бақытты кезім бұл.
Жер шарына мейіріммен қарайтын,
Жанарымда сенің сұлу көзің жүр.
Ана, ана –
Жарқыраған күнсің сен,
Аспан, тау да, мөлдір ауа, гүлсің сен.
Сәуле болып, баққа айналып Өлеңім,
Ғұмырымда бір күлдіріп үлгірсем.
Ана, ана –
Жырақтамын жаныңнан,
Сені көрмей сағыныштан арылман.
Жапырақтай Өлеңімді құшамын,
Ол су сынды саусағымнан ағылған.
Ана, ана –
Ренжітсем бір кезде,
Кешіре гөр, бейбақ басым білгем бе?!
Жылағанда анаң, әкең мұңайып,
Шалқитынын болмашы бір күлгенге.
Ана, ана –
Қорғанышым, тірегім,
Жүрегімдегі солмайтұғын гүл едің.
О, Жаратқан, жалғыз Аллам, анама,
Ұзақ ғұмыр берегөрші тілегім!!!
Жұлдыз Бейсек.
Нәрестесін тербеткеннің бірі – мен,
Бесігіме таянумен түнімен
Әлдиімді жұбатамын жан ана,
Сенің мені әлдилеген үніңмен.
Ертегі айтам, әп-әдемі күй іздеп
Дүниеден сәбиіме сый іздеп
Мен де сендей ең бақытты жан болдым,
Нәрестемнің маңдайынан иіскеп.
Түнгі ұйқыңды сәби шағым ұрлаған,
Үйден өзге іске мойнын бұрмаған,
Қандай жақсы сенің қызым болғаным,
Жарығым-ау дегеніңе нұрланам.
Үлгісі боп даналықтың, өрліктің,
Алау отын тұтандырып елдіктің
Кимешекті көпке үлгі болмысың,
Ал мен сенің қадіріңді енді ұқтым.
Ең әдемі өлеңімді арнасам,
Ең әдемі жолыңды ізгі жалғасам
Деп келемін тағдырымның жолында
Сендей Арды биік қойып әрқашан.
Ана!!!
Жұлдыз Бейсек
Аяулы анам,
Арымен аялаған,
Жабыққанда жаныңды саялағам
Бір күлкің үшін күндей жарқыраған
Кешірдім тағдырымды аямаған.
Аяулы анам,
Сүт беріп әлдилеген,
Әлдилейін мен енді ән-күйменен
Қайтарып ала алсам ғой бала кезді
Өзіңнен басқа ешбір жан тимеген
Аяулы анам
Сөзімен жұбататын,
Мен сенің болмысыңды ұнатамын
Аумаған анасынан десе көп ел
Қуандым, осы менің - шын атағым.
Аяулы анам
Ақкөңіл аңқылдаған
Жаһандағы ең сұлу жансың маған
Күресуім үшін бар зұлымдықпен
Күш беріп, жүрші гүлдей қалпыңда аман.
Жұлдыз БЕЙСЕК
Аққудың ақтығындай жан анашым,
Ешкім де жете алмайды бағаңа шын
Сыртыңнан бос сөз айтып күндейтіндер,
Дәл солай көлеңкеңді жағаласын.
Гүл көктем нұр шуағын төкті бүгін
Өзіңе тартқан шығар тектілігім
Көрсетпей ақ орамал шаштарыңды
Күн-түні бесік тербеп өтті күнің.
Бал күн ғой, балалығым, шалалығым,
Бойжеттім қуат беріп даналығың
Жүрегің шаттана ма, жан анашым,
Желменен жіберсем мен дала гүлін.
Түн бойы шошығаным шертеді не?
Ояндым құшағыңда ертеңінде...
Ал қазір қорыққанда сені іздесем
Құлыным жармасады етегіме.
Бұл күнде алуан түрлі кісі көшем,
Бірақ мен жан тападым ісіңе тең
Өзің нәр татпасаң да, қарным тоқ деп,
Бір үзім нанды маған ұсынушы ең.
Қу өмір кімге пана бола алған?!
Кеудеге жан анам деп толады арман
Тағдырдың дауылына шайқалмастан
Жүрегі махаббатқа тола болған.
Өзіңнен үйренгенмін сырласуды
Жүрекке жанға айтпайтын жыр жазуды
Үміттің соңғы жасын сарқып ішіп,
Жүзімнен күллі әлемге күн шашуды.
Мен үшін адамдықтың үлгісі сен,
Қазақтың қайсар туған үр қызы ма ең?!
Өрлігің, қайратыңа ұқсаттым мен
Тау басында өсетін гүлді көрсем.
Мейрімің жаулығыңнан жарқырайды
Күніңді әлди деген ән құрайды
Дүниенің бар асылын жинасам да,
Жарығым дегеніңе татымайды.
Рұқсат па туу алыстан жаным десем,
Амандығың – бағасыз бағым десем?!
Құдіреті ақ сүтіңнің арымды әппақ
Алладан кейін сүйіп қадірлесем.
Жұлдыз БЕЙСЕК.
Жаным анам
Жаным, анам, күн нұрындай мейірлім,
Жандүниеме сәуле болып құйылдың
Мен мәңгілік құндақтаулы сәбиің,
Бір Аллаға аман қыл деп сыйындым.
Жаным, анам, ақыл ойдың кенісің
Жаһандағы бар жылы сөз сен үшін.
Жанарыңа күлкі үйірсем кішкентай
Өмірдегі менің үлкен жеңісім!
Жаным, анам, қамқоршысы бағымның,
Балаң қайғы білмесін деп сабылдың
Әлемімді әлпештейтін жалғыз ән -
Әлдилеген әуеніңді сағындым.
Бұл өмірде қанша шаттық, қанша мұң
Мұң көп болса кімге кінә артамын?..
Менің балаң көз жасымды сүртетін
Жаулығыңа дейін ана аңсадым.
Жұлдыз БЕЙСЕК