Жаным, анам, бүгін сенің мерекең!

Жаным, анам, бүгін сенің мерекең!
жеке
блог

Қандай ғажап, шуақты күн  не деген!

Нұр саулайды ағыл-тегіл төбеден

Нұр ішінде гүлге айналған  бір  өзі -

Жаным, анам,  бүгін сенің мерекең!

 

Сүйіншілеп  жел жүгіріп,  ұшып бақ 

Жел қойнынан көп қуаныш түсіп қап

Шатырдағы соңғы қар да тамшы боп,

Жерге тамып  қол соғады құттықтап.

 

Құттықтайды жүгірген де, ұшқан да

Көктем келіп дарығандай күш талға

Бүршігімен сүйіп әсем бетіңнен,

Қанатымен ән сыйлайды құстар да!

 

 Бұлттар-дағы бар моншағы шашылып

Кемпірқосақ көкжиекке асылып

Ана, сені құттықтайды көк шөп те

Табаныңа  төселуге  асығып

 

 Жаным, анам, іздеріңнен  ерейін

 Басқаныңнан бақыт тауып берейін

Сенен артық байлығым жоқ жалғанда,

Ана, саған қандай сыйлық берейін?!

Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.