Жаңбыр жауһар жыр

     Май шамның түбінде тыныштықпен үндесе отырып өлең жазу әр ақынның ермегі. Ал жаңбырдың әуезді үнімен сырласып өлең жазу ше? Сірә, екінің бірінің қолынан келе берместей көрінеді. Бірақ келеді екен. Себебі тыныштықтан жаңбырдың нота дәптеріне түскендей көркем үнін естіп, оның жұпар хош иісіне тыныстай отырып өлең жазатын ақын бар. Ол біраз уақыт бұрын "Ымырттағы сәуле" жыр жинағымен танылған — Ақкенже Оразбек. Балауса жырлары балғын шақтың ғажайып сазын шертеді. Ойы терең, танымы ерекше қыздың бірқатар өлеңдерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Бағалап баға беруші қалың оқырман сіздерсіздер!

 

Тынымсыз тыныштық

Тағы да сол әуен,бұл індет жайлады,

Қаламыз қызыл түс аймаққа айналды.

Қайтадан жарты күн автобус тоқтады,

Тыныштық үніне Алматы байланды.

Сананы күйдіріп бұрынғы үрейлер,

Қорқытып соққан да мезгілсіз дүлей жел.

Қалғыған таулардың өңдері басыңқы

Дәл сондай ойларға ұрылып, түнейді ел!

Тәніміз ауырып, жанымыз сыздап тұр,

Тәждіқыз іштегі дертімді қозғап жүр.

Не деген бітпейтін тынымсыз тыныштық

Жалғаса беретін жәйменен құрдан-құр!

 

Бір өлең

Ұстаным бар еді,ешқашан беріспеу,

Сонда да таппаймын,әңгіме келістеу.

Есімің естіртіп айтудан бұғамын,

Сол үшін нөмірін жазулы кәрісше.

Тағдырдың сыйы да,біздерге тосындау,

Жараспай тұрады маған да тосылмау.

Сені де,мені де қинайтын бір шындық

Болары сөзсізі қосылу, қосылмау.

"Екеуміз" дейтіндей арамыз дүрбелең,

Менікі жай қиял, бір өлең!

 

 

Тыңдашы жүрек

Мейлі, сені,мұз десін біреу,

Ал,біреу сені күн санар.

Дүрсілдеп тұрған сен мендік тіреу,

Болмашы сөзге жасқанар.

Айта берсінші,сөйлей де берсін басқалар,

Кінә тақса да,жала жапса да мойыма.

Қайсарлылығым өзіңнен ғана басталар,

Тұрғанда сенсін құлатпай менің бойымда.

Мықты бол жүрек, сұрай бермеші тым көпті,

Мықты бол жаным, құлама сенде өтінем.

Мықты бол төзім, жылата бермей жер көкті,

Ыстық жігерім сен бар да неге өкінем?

 

 

Сәби жүрегім

Мына өмірде маған анық білерім,

"Бақыт" атты базарында жүремін.

Өзгелерге тілейтінім жақсылық ...

Ақ ниетім,таза сәби жүрегім!

Бойға сіңген рухани бай білімім,

Сізге де анық, мендік сырлы бөлімім.

Мені көрген жандар маған тамсанар,

Өзге ұнатар, мендік "сәби"көңілім!

Ұғынғаным біз өмірдің қонағы,

Беймәлім сыры да үнсіз фәнидің.

"Тағдыр" атты сабақтардың сынағы

Бар екенін білмейтін мен сәбимін!

 

 

Мен және Алматы

Шұбатылып бұлттың айға көшкені,

Шамның жанып және қайта өшкені,

Қою қанық әдемі сенің кештерін

Ғажайыпсың, Алматы!

Ауанда жұпарлы иісі сіңген,

Апорт аңқып далаңда иісімен,

Көлеңкесі күлгін түс қиысымен

Әдемісің, Алматы!

Мың парағы оқылмаған романтика,

Мың бір тарих куәсі арман қала,

Сан бояуға төгілгендей галактика,

Жетелейтін нардай биік армандарға

Ол сенсің - Алматы!

 

Неге сонша

Кино көрдім қызықты болғаннан соң,

Екі сағат уақытымды бердім соған.

Өзекті мәселеден тұрғаннан соң,

Әріптерден сөз құрап тердім бұған.

Терең ойға салып қойды қайғыртып,

Тік қарауға сесті етіп болашаққа.

Отырғаным түрме жайлы ой түртіп,

Неге адамдар түседі деп бұл ошаққа?

Судоку ойынындай бас қатырып,

Ұрлықпен жүргені бар таң атырып.

Неге сонша әділ деймін өмір,

Бәрібір де соңында салар құрық.

Заңдылық ажал келер күннің бары,

Сонда да тонау екен қылғандары.

Маңдай терін қаншалықты құрғақ болса,

Соншалықты нәсібен тар болғаны.

Қиын ба жүректі ұстау таза?

Ақша үшін қашып маза,

Ақыры бұл өмірде болса қылмыс,

Қылмыстың өтеуі екен жаза.



Бөлісу: