Жанарымда іркіліп жаңбырлы əлем...

Не айтайын? Не дейін тағдырға мен,
жалғыздықты дәл бұлай ән қылмап ем.
Елесіңді іздеймін ескі бақтан
жанарымда іркіліп жаңбырлы әлем...

Құбылыпта көрмеп еді күнім былай,
неге мұңды жазылды жырым бұлай?
Қамсыз, мұңсыз болмайды неге бәрі
бәрі неге болмайды бұрынғыдай?!

Мен білдім бе өмірдің кереғарын.
бұрынғыдай болмайды неге жаным?
Бәрін, бәрін шегерші кейін қарай
өзгертуге өмірді келе ме әлің?

Сол өмірге дұрыс па көне салу?
(Мына сендей болса екен келесі ару.)
...Өмір деген біреуге өлу ғана
Өмір деген біреуді көме салу.

Амал таппай, құрыдым тағдырға мен.
Сор, мұңымды дәл бұлай ән қылмап ем.
Көше бойлап тағы да қаңғып жүрмін,
Қайда кетті, біз кешкен сол бір дәурен?

Қайда әкетіп барады дүрмек мынау?
Дүрмек мына бізсіз де гүлдеп тұр - ау.
...Арыла алмай жүргенде күз мұңынан
Көктем келіп қалғанын білмеппін-ау,
Жаным!

Азамат ӘБІЛҚАЙЫР



Бөлісу: