Ислам дінін халқыммен егіз көрем

Ислам дінін халқыммен егіз көрем
жеке
блог

БИСМИЛЛӘ деп бастадым сөз сабағын,

Ғибратыма құлақ сал дос-жараным.

Жүрегіңде ар, ұят, иман болсын,

Солар сенің дидарың, қос жанарың.

 

Адамдықты жөн болар сақтағаның,

Ара жігін ажырат ақ-қараның.

Аллам өзі бәрін де өлшеп берген,

Қашан сынап, қай кезде бақ қонарын.

 

Тойымсыздық жарамас, күпіршілік,

Қанағат қыл, барыңа шүкіршілік.

Тең емес деп қымсынба тқрт құбылам,

Аллам бәрін қоймаған бүтін қылып.

 

Тағынбасаң налыма тастан жақұт,

Салмадым деп зәулім үй аспандатып.

Қаза қылмай бес уақыт намазыңды,

Тайқымасын деп тіле бастан бақыт.

 

Аллаң болсын аузыңда ұмытпағын,

Шайтан салған жынды ойды жуытпағын.

Әр таң сайын әуені айға жеткен,

Азан болсын әуелі сүйікті әнің.

 

Тазалығы ұштасқан теңізбенен,

Ислам дінін халқыммен егіз көрем.

Зере әжеміз тұғыры тектіліктің,

Құнанбайды дәретсіз емізбеген.

 

Ұлы Абайда ұрпағы сол тектінің,

Қара өлеңмен өргізген мөлтек сырын.

Алланың өзі де рас, сөзі рас деп,

Тыймақ болған талайдың тентектігін.

 

Тани білген хақ жолын лайланбаған,

Қасиетіңнен айналдым қайран бабам.

Өкінішті бүгінде ұрпағың көп,

Қызық қуып көшеде тайраңдаған.

 

Қателескен басқа деп қазір заман,

Қарттар да көп айта алмас әділ бағам.

Жөн сілтемек жастарға шамасы жоқ,

Жетегінен шайтан су арылмаған.

 

Арманымыз тым асқақ мазаны ұрған,

Дәмеміз көп өмірдің базарынан.

Қызығына жалғанның тоймай жүріп,

Құр қалмайық Алланың ғажабынан.

 

Өмір - сынақ, ойларың тыным таппас,

Қарбалассыз таң атып, күнің батпас.

Он күнәнің тоғызы қызыл тілден,

Тілің тыйсаң қадірің, құтың қашпас.

 

Бұл дүниеде білім мен ілім алып,

Бойымызға тақпастан сынық айып.

Амал, сауап, адамдық қадір жинап,

Пайдасы жоқ істерден тыйылайық.

 

Ойланайық, ағайын ойланайық,

Жамандықтың аулына бойламайық.

Харам іс пен күнәдан аулақ жүріп,

Бар екенін Алланың ойға алайық.