Рионың хақ төрінде топты жарған
Дараланып Данияр шоқтылардан
Қазақтың маңдайына жазылған ұл
Басып озды азулы мықтылардан
Үкілеп үміттерді өшірмедің
Сенімділік сендегі көш ілгері
Алашқа мәлім болып жатыр міне
Асқақтап ел мерейін өсіргенің
Намыспенен қамшылап жігеріңді
Жасымадың, ойладың тек еліңді
Олимп шыңын бағындырып ақ термен
Қарсыласты ұрып жықтың тегеурінді
Шаршы алаңда аямадың кез келгенін
Атойладың рингінде өзге елдің
Сен - Ұлансың! Данияр! Ұлы елдің
Қырандайын іле тұғын көздегенін
Төрешілер құйып жатса отқа май
Амал бермей соққыладың тоқтамай
Бойыңдағы Жеңіс үшін ақ терің
Алты Алаштың маңдайынан аққаны-ай!
Қайсар мінез бойыңды тік ұстады
Жеңісіңді жұдырықтап уыстадың
Ел сенімін ақтаған ер атанып
Көгімде желбіретіп ту ұстадың!!
(с) Автор: Бауыржан Жаңатілеу