Бүлдіршіндер жыламасын
блог
Жәутеңдеп қалып, жастарға толып жанары,
Бір жетім бала телміре маған қарады.
Ұққандай болып ақынның нәзік жүрегін
Мұңлы көздермен анасы жайлы сұрады.
Білмейді түрін, мінезін, күлкі, есімін,
Оның жанында өмірдің біздің несі мұң?
Артса да кінә, қадала қарап көзімен
Жүрегі оның етіп тұрғандай кешірім.
Қандай шыдамды жетім баланың жүрегі,
Көңілі күйреп, жылап тұрса да күледі.
Жетімдер үйін паналап жүрген әр бала
Жылы сөздер мен бақыттың құнын біледі.
Кеудеге қысқан анасын салған суретін,
Үміт-қайғыны бірге алып ылғи жүретін.
Керексіз заттай қалдыра салған баланың
Еститін сөзі: «Жолы болмаған тұл жетім».
Аң екеш аңда қорғайды емес пе баласын?
Бұл нендей залал улаған адам санасын?
Сәбилер саған дүкенде тұрған зат емес
Қоқысқа тастап, ала салатын жаңасын.
Қырық градуста далада қалсаң, көрер емес,
Шытынап аяз, қар жауып жатса төбеден.
Байқұс сәбидің кінәсі бар болғаны-
Өзің тәрізді пасық анадан туғаны.
Жалғыз перзентке зар болған адам қаншама?
Байлық-дәулеті төгіліп, асып тұрса да.
Соны көрсең де, бағалай егер алмасаң
Сенің ой-санаң-іші шіріген бос сана!
Жетім-жесірін жылатпай жүрген қазағым,
Көрсе де қанша өмірдің мұң мен азабын.
Үлгі алып содан, жетімдер үйі бір күні
Босап қалғанша, талмастан өлең жазамын!