Бір бөлме. Бір өзім. Бір есік.
Сіңірім қалғандай сіресіп.
Бір тағдыр. Бір ажал. Бір өмір.
Келемін үшеумен тіресіп.
Бір ғұмыр. Бір жолым. Бір бағыт,
Бұйырмай қойғаны бір бақыт.
Бір тыныс. Бір өкпе. Бір демім.
Тоқтайды. Білемін бір уақыт...
Бір ана. Бір әке. Бір кіндік.
Кіндіктен түсе сап сілкіндік.
Бір сезім. Бір үміт. Бір қайғы.
Үшеуі үш түрлі мүмкіндік.
Бір Құдай. Бір елес. Бір әлем.
Туғанда несіне жылап ем...
Бір көзім. Бір құлақ. Бір басым.
Шындыққа шыдамай тұр әрең...
Бір жалған. Бір шындық. Бір өлім.
Бір-ақ рет өлемін, білемін.
Бір түні. Бір сәтте. Тоқтайды...
Тимеңдер, біреу-ақ жүрегім!
Бір тамшы. Жүз жанар жылаған,
Ешкім жоқ ештеңе сұраған...
Бір жолмен барады бір күні
Бір табыт. Көтерген мың адам...
Бір қағаз. Бір қалам. Бір өлең.
жеке
блог
блог
05.10.2016