Болсадағы жырақ біздің тәніміз
Жырларымның өрнектелген сәні сіз!
Қаншалықты алыс болса арамыз,
Соншалықты ұзақ біздің әніміз!
Бізде ғана қуанышты мұңдар бар!
Тек біз ғана сағыныштан қуанар!
Қанша уақыт сізді, жаным, көрмесем,
Сонша уақыт жүрегімнен жыр саулар.
Оңтүстікте тұтқын болып жүрек тұр,
Оны ораған сіздік сезім жібек нұр.
Солтүстікте жаурап, тоңып жүрсем де,
Лебізіңіз жылу беріп үрлеп тұр!
Сізге қарай ұшырғанмын жыр құстарын,
Саусағыммен сіз жақты көп нұсқадым.
Қаншалықты байғұс жүрек жұтса мұң,
Соншалықты сізді қатты құшамын!
Санаңызды билемесін күдікті ой,
Алдыңызды үзілмейтін үміт қой!
"Азапсыз өткен махаббаттың,
Арзан болатынын біліп қой".
Орынбасар Рүстем