Болашақ жарыма

Қайырлы кеш, болашақ менің мырзам,
Білемісіз, екеумізді тағдыр қосқан.
Жаратушы сізді маған, мені сізге, 
Бұл жалғанда бір-біріне тең деп тапқан.

Білмесем де кім екенін өзіңізді,
Дұға етемін сіз үшін күні - түні.
Ең алдымен мұсылман болсыншы деп,
Жұмаққа жетелейтін бір өзімді.

Жүрегі кең, пейілі көкке жетер,
Ақылы да мына менен артып кетер
Қолына домбырасын ұстап алып, 
Бір басына жеті өнерді аздық етер.

Құрметтейді үлкенді, кішіні де,
Білмейді өтірік-жалған, xарам істі.
Қай саланың болмасын еңбегінде,
Бағалайды тек қана адал істі.

Жанымды түсінеді бір жанардан,
Мұңымды аңғарады айтқызбастан.
"Мырзам" деп құрметтесем өзіңізді,
"Жаным" деп еркелетіп айтар маған.

Елестетем бақытты отбасыны,
Шариғат пен дәстүрді бек ұстаған.
Құран үні өшпеген шаңырақты,
Алла өзі шапағатпен баптаған.


Бөлісу: