Көшіп алғым келді сенің көзіңе
Сезімдерім сыймаған соң өзіме
Тастай салып алапат бір күй кештім
Бұл басымды – бір шоқ гүлдей төсіңе.
Сылқым дүние,
Сыңсыған түн,
Сынық күн,
Сылдыраған судай жүр-ау күліп кім?
Көңіліме күзін тартқан әлемді
Құшағыңа оралған шақ ұмыттым.
Кінәларын,
Күнәларын -
Жалғанның
Бұ дүниеге қалыңдатып салған кім?
Бояй алмай қалған мені Суретші
Жүрегіңе тамшыдай боп тамған түн.
Жаныңда боп, жақұттаймын не керек?!
Ақ қар - көңіл, өмір - әппақ көбелек.
Бар әлемді қорғаймын мен Сен бар деп
Қанатыммен мөлдір өлең себелеп.
Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.