"Бақытыңды бағала бес күніңде!"

"Бақытыңды бағала бес күніңде!"
жеке
блог

Қазақ әдебиетіне жастардың қосып жүрген жаңашылдығы аз емес. Ата буын мен аға буындардың салып берген сара жолын жалғап келе жатқан қалам иелері бір төбе. Әдебиеттің қай жанрынан болмасын өздерін көрсетіп, нәзік жырлары мен өзгеше шығармаларын халыққа арнап жүр. Бұл еліміздегі ақын-жазушылардың қалыптасып, нығая бастағанының айқын көрінісі емес пе?! Күні кеше ғана жас болып, енді-енді елге көрініп жүрген қаламгерлер бүгінгі күні отыздан асып, қырықты алқымдады. "Аға буын" деген айдарлы есімге ие болды. Өмірдің қызығы да осы шығар. Жастарға ақыл айтып, жол нұсқайтын, кеңес беріп шексіз әлемге өзіндік үйлесім табуға жетелейтін деңгейге жетті. Жарқ етіп көрінген жастарды кері теппей, қанат қағуына жағдай жасап жүр. Ол үшін аға буынға айтар алғысымыз шексіз. Осы ретте жас болса да талапты, ізденіс пен еңбегі жырларынан анық байқалатын, өлеңді өміріне жалғаған жас ақынмен сіздерді таныстыруды жөн деп білдік. Ол Сыр елінің тумасы, Қызылордалық жас ақын — Ғайникамал Сәдуақасова. Инстаграм желісінде "saduakasova_01" парақшасымен танымал. Бүгінгі таңда Ғайникамал Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 4 курс студенті. Өлеңдері баспасөз беттеріне жарияланып жүр. Патша көңілді оқырманға жас ақынның бірқатар өлеңдерін ұсынуды жөн көрдік.

"Тағдыр"

Мына тағдыр аямас ешкімді де,
Қарамайды ақшаңа, кескініңе.
Өмірге өкпе артып жүре бермей,
Бақытыңды бағала бес күніңде!

Қарсы тұршы тағдырдың жарлығына.
Өкпе, реніш, сәтсіздік барлығына.
Көңілсіздің тамшысын тигізбесең,
Бақытсыздың сынбайсың жаңбырына.

Қол қусырып жоғынды сұрай берсең,
Дым шықпайды шарасыз жылай берсең.
"Мен жетемін" деп бірақ айта көрме,
Тұрмай жатып шалынып құлай берсең.

Сені жығып тастауға уақыт құмар
Көне берсең барыңды алып тынар.
Артта қалған кезеңге қолды сермеп,
Алға қарай жүреді бақыттылар!


"Анашыма"

Менің анам ақ-көңіл алтын адам,
Қолда болса ешкімнен тартынбаған.
Қашан көрсем ақылын айтып жүрер,
Бір мінезін көрмеппін жалпы жаман.

Уайымдайсың мен жайлы білемін ғой,
Кір келтірмей атыңа жүремін ғой.
Маңдайыма шаң тимей жүргендігі,
Таңдайдағы тәп-тәтті тілегің ғой.

Күйбең тірлік болсада қаншама мың,
Мен анамның көрмеппін шаршағанын.
Ауылға қайтып кеткім кеп тұрады,
Анам бар ғой алдымнан қарсы алатын.

Сені көрсем еркелеп саламын ән,
Бар мейірім табылар жанарыңнан.
Бәрін тастап кетіп қап сүйсембекен,
Жұмақтың кілті тұрған табаныңнан.


"Қашықтағы ғашығым"

Тұтқынына айналып сағыныштың,
Саған қарай келеді алып ұшқым.
Қол ұстасып отырсам құшағыңда,
Түсім екен мен тағы жаңылыстым.

Тек алыстан жүрекке енесің бе,
Күні-түні тұрасың сен есімде.
Көріспестен күндерде, айда өтті,
Ойлай сені ауырдым сенесің бе?

Уақыт жылжып барады бізде ақырын,
Сабырдан да күдерін үзді ақылым.
Қалағанда мауқымды басқым келед(і),
Арамызда қашықтық жүз шақырым.

Қанат болса ойланбай ұшар едім,
Тұлпар болсам мәреден тосар едім.
Жер жаһанды сен үшін шарлап шығып,
Бір демде-ақ өзінді құшар едім.

Бөлейді ғой бұл сезім шапағатқа,
Өте шығар дәл осы қатал шақта.
Шыдап жүрсек мәңгілік бір боламыз,
Қиындықсыз махаббат, махаббат па?


"Мықты болсаң"
                                            
Мықты болсаң қолдайды жанашырдай,
Құлап кетсең жоғалар, жаны ашымай.
Екі жүзді адамның бұл өмірде,
Бетпердемен кетеді бағы ашылмай!

Іштарлықпен мына әлем гүлдемейді.
Алда болсаң кімдер кеп күндемейді?
Күшін тайса, қуанып қол соққандар,
Күшті болсаң көре алмай үндемейді.

Білемісің жақпайсың дүйім елге,
Қатар болар қуаныш, күйігіде.
Басқалар не десе о дей берсін,
Бәрібір сен қаласың биігіңде!


"Үнсіздікті ұнату"

Табиғаттан жан едім салқын қанды,
Ұнатамын үнсіз қап, тартынғанды.
Жүректегі сезімді тұншықтырып,
Алыстатып аламын жақын жанды..

Ашықтықты мен өзім жаратпаймын,
Жая берсем кетпейді тарап қайғым.
Тіл-ақылдың өлшемі емес пе еді?
Сондықтанда барлығын сараптаймын.

Жамандамай өзгені күндеместен,
Өз-өзіммен бақытты күндер кешкем.
Өсектесін өзгелер ғайбаттасын,
Жеңе салам оларды үндеместен.

Көп сөйлеген тілінен тұтылады,
Ойланбаса өмірден ұтылады.
Үндеместен үйдей бәле шыға қоймас,
Үндемеген бар бәледен құтылады!


"Серт"

Қыз едім көп нәрседен қорықпайтын
Жағымсыз жамандыққа жолықпайтын.
Тағдыр маған қабағын түйіп алып,
Неге өгей санап жүр соны ұқпаймын!

Себептерсіз сынақтарға кезіктім,
Көз жасыммен бар мұңымды сезіппін.
Сәттілікке билет іздеп жүргенде,
Бақытымның пойызынан кешіктім!

Бір күні менің бағым жанып кетер,
Бар мұңымды біреу кеп алып кетер.
Жарқырап әлі талай таң атады,
Өкінішпен өтпесінші уақыт бекер!

Бұл тағдырды өзіме табындырам,
Арманыма жетемін сағындырған.
Алла өзі оң көзін салып тұрса,
Әлі талай белесті бағындырам!

Бибіт НҰРМҰХАНОВ