Айыпты ақынмын...

Айыпты ақынмын...
жеке
блог
Айыпты ақынмын,
Өлеңнің құнын кеш білген,
Ымыртта туып, түстікте ғана ес кірген.
Жазалы ақынмын, 
Жазала мені,ізгі өлең,
Көктем келсе де ғашықпын әлі күзге мен.

«Ақылды ақынмын»
Күлкілі бірақ сөзім бұл,
Күлкілі аса,
Дей алсам мен пәк сезіммін.
Күлкілі емес,
Көгіме өрлетіп қиялды,
Арманды аймалап, сезімді сүйіп көз ілдім.

Жылауық ақын, 
Жырыммен төккем жас кілең,
Үстімен жүріп ауырдың, жеңілдің жүргем астымен.
Жағадан алса жалған-өмір кеп, жасытса,
Енді мен бірақ, жас төкпеуіме бас тігем.

Қажытсын,мейлі, қамалым күйреп қирасын,
Тепкіге салып, тағдырым мені қинасын.
Өлеңім, сені өрлетіп өрге шығарып,
Күдерді үзбен,шешпеспін сырдың бұйдасын.

Айыпты ақынмын,
Айыбым – біреу, арым кірлесе жыладым,
Төзімін тежеп,
Торға қамадым сабырдың самғар қыранын.

Жазалы ақынмын,
Жазала мені, таспа тіліп ал жонымнан,
Бірақ, Аллаһым, айныта көрме, ақынның ізгі жолынан.