Ауыл әйелдеріне

Ауыл  әйелдеріне

Күліп тұрған шілденің сұсы бар сәт,

Маңдайыңнан моншақты түсірер қап

Көлеңке іздеп топ бала жүгіреді

Қарағаштың басынан құс ұшар шақ.

 

Жаңбыр түгіл бұлттар да бой көрсетпей...

Айналсоқтап тұрғаны қой тентектей,

Етін тұздап, еденін жуып жүрген

Келіншекті келешек ой шөлдетті-ей!

 

Жұлдыз сөнбей шығатын сауынына,

Қарамайтын жұмыстың ауырына

Отпен кіріп, көз жасын күлмен төгіп,

Туып жаққан жыл сайын қауымына.

 

Тәңір құйған сәулемен санасына, 

Көк түтіннің кіргенде арасына

Бәрі үйіне тығылар, ана ғана

Тезек қамдар ып-ыстық табасына.

 

Көсеуімен көсейді шоқ қалайды,

Өзі  шикі қамырды отқа орайды,

Тұла бойын шарпыған, сіңіп алған

Көрші аралап ыс иісі тоқтамайды.

 

Енген шығар нан иісі таң түсіне,

Жұтынады қарны ашып ай ішіне.

Қолындағы нан емес, күн сияқты

Миллиардтаған қарайды жан сүйсіне.

 

Борпылдаған ақ ұнды баптаған-ақ,

Қасиетіңді қара үйге сақта қарап.

Дастарханның үстінде ыстық нандар -

Шаңырақтың өзіндей доп-домалақ.

 

Ақ түтінін тосатын дауылдарға,

Қи, тезегін құрбан ғып жауындарға,

Таба нанын пісірген әйел, саған

Қою керек ескерткіш ауылдарда!

 ЖҰЛДЫЗ БЕЙСЕК.

 



Бөлісу: