Ең алғаш рет ашқанымда жарық күннің есігін,
Жүрегімде із боп қалды «ана» деген есімің.
Ақ сүт беріп, әлди айтып, еркелетіп баласын
Күндіз-түні отыратын тербетумен бесігін.
Ана саған ешбір теңеу таба алмадым, таппадым,
Шексіз дария мейіріміңді көкейімде сақтадым.
Жүрегімнің ең түбінен тулап шыққан сөздерді
Асыл анам, ғасыр анам бір өзіңе арнадым.
«Ана, ана» деп соғады мына менің жүрегім,
Бұл өмірде жалғыз анаң сүйенішің, тірегің.
Ақ сүтіңді баптап бердің, ақтау менің міндетім,
Ана саған ұзақ өмір, зор денсаулық тілерім.