Алматы, өкпелімін...
блог
Әкетай-ау,
Қайтсем екен?
Мойныма бұл Алматы бұғалық сап,
Ойлыға, шын шерліге тұрам ұқсап.
Тершіген алақанды құрғатшы, әке,
Тірлігің тоқтап қалмас сыр ағытсақ.
Арманым адастырды-ау алты қырда.
Жанымды салып қойып жалқы мұңға,
Мен бүгін қаңғып жүрген көшелерде,
Сен кеше балқыдың ба?
Шалқыдың ба?
Жадыңнан өшпейді ғой бал шақ, сірә,
Бұл қала сізге де ауыл аңсатты ма?
Шаршатқан бүгін мені қыңыр ұстаз,
Қырсығып кеше сізді шаршатты ма?
Айтшы, әке, арманыңнан тайқып па едің?
Сор алып сабағыңнан қайтып па едің?
«Алматы, құрып қалғыр, жек көремін»,
Ұлыңның осы сөзін айтып па едің?
Қарасам ой жүгіртіп хал-жайыңа,
Бақыт деп жазған Алла маңдайыңа.
Ұлыңның сол маңдайы тасқа тиіп,
Жүр бүгін жыр төгіліп таңдайынан.
Өмір ғой, өзгереді, түрленеді,
Күн өтіп, айлар ауып, жыл келеді.
Бүркітке пана болған бұл Алматы,
Қалайша балапанға мұң береді.
Білмеймін сағыныш па?
Жаңылыс па?
Балтамның болып тұр-ау сабы қысқа.
Тағдырым тағдырыңды қайталап тұр,
Не дермін кеудемдегі жарылысқа?