Алматы қазір...

Алматы қазір...
жеке
блог

Ерқанат Кеңесбекұлы (Керімсал Кеңесбекұлы) 1986 жылы ақпан айының 13 жұлдызында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Ақбұлақ бөлімшесінде дүниеге келді. Әкесі Кеңесбек көп жыл бойы сол ауылдың меңгерушісі, анасы Төлеу Жұмәділқызы бөлімше кітапханашысы қызметін атқарды. Елордалық «Астана» журналы, «Астана ақшамы» газеті, 7-телеарна, «Астана» арнасы, «Қазақстан» Ұлттық арнасы сияқты беделді бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етеді. Бірнеше республикалық жыр додаларының жүлделі жеңімпазы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты.

 

АЛМАТЫ ҚАЗІР...
 
Алматы қазір... көңілсіз шығар...
Өәткені онда сіз барсыз.
Бірақ мен жоқпын.
Жетім бұрыш та сезімсіз шығар,
Кісілері де сергек тым.
Алматы қазір... өзгерген шығар...
Өйткені біз д
Ешкімге бүгін сенбейміз.
Көз жазып қалар кез келген шығар,
Нұрлы кештерге шөлдейміз.
Алматы қазір... бәденсіз шығар...
Өйткені мен де
Ажырап барам реңнен.
Терек біткені сәлемсіз сынар
Сан пиғылдарды түнерген.
Алматы қазір... жылайтын шығар...
Өйткені ол да жесірдің күйін кешеді.
Бәзбіреулерге ұнайтын шығар
Рандевуімен кешегі...
Алматы қазір... аласа шығар...
Өйткені оны келімсек келіп жүдетті...
Кабак біткені «тамаша» шығар
«Қақ жарып тілген» түнекті...
Алматы қазір... сол қалпы шығар...
...иә?..

  

МИСТИКА
 
Түсім де емес.
Өңім де емес.
Екеуінің арасы. Жер мен көктік арасы. Сегіз бейіш қаласы...
Сол шәріптің ішінен көрінеді
Бір Ақынның қарасы.
...Музейі екен Мағжанның...
Түһұңғыш рет
Һәм соңғы рет
Таңқалдым!
Жарқыраған шамдардың сәулесіне шағылысқан
Айна барын аңғардым.
Қарап едім айнаға, арғы жағы – айдала!
Қалың-қалық арасынан бұлттардың,
Алшаң басып жай ғана, Қасым маған қарады:
қабақ түйіп ойлана.
Ар жағында – Жұмекен. Жұматай бар...
Жұбан ағам... өлген әрі тірі екен!
Жейдесінің жағасына кір түспей,
Ең соңында Артығали тұр екен...
Ақындардың армиясы! Міне, осыны көріп қалдым айнадан.
(Әу басында онша сене қоймағам), оң жағыма бұрылып
Тарихтағы тұғырым ең!
Отсыз қайнап тұр екенсің, Тайқазан!
Іле-шала жанұшырып,
Қайратымның сағы сынып.
Хан Кененің басын іздеп,
Күлтегіннің тасын іздеп,
Сорпа ішінен – зор күшіммен: тауып аппын Нарқобыз
Мың жылдықтың арасынан, алакөздің табасынан жасырғым кеп
Соңғы қалған дүниемдей, алар дейсің кім иемдей,
Мұражайдан сыртқа шығып.
Сыртқа шықсам, аспан жақтан сырттан ұлып.
Дір ете қап!
Көзімді ашсам Жұйығым екен деймін:
Жалаңаяқ өзім басқан.

  

ЗӘМ! ЗӘМ!

 

Зәм!
Зәм!
Жұмыр етті ертті кім?..
Тобылғыдай беріктігім!
Зәм. Зәм.
Адамдармен сынға түсу,
ғаламшармен үн қатысу...
Зәм. Зәм.
Сұлулығы жанарыңды қарыған.
Планета: бір есімі – Мағжан!
Зәм. Зәм!
Беу жайдарман, жайдарман:
нәрестенің кіндігіне байланған,
Текеметтің суретіне айналған,
бассыздардың маңдайынан бәйгі алған!
Зәм. Зәм.
Қарғымақ кім тағдырынан азулы?!
Оқысын да! Арғымақтың көзіндегі жазуды!

 

Зәм. Зәм!
Әуел баста бекінгенмен өлмекке,
бірте-тірте айналдым-ау өрнекке.
Зәм. Зәм.
Қара қасқа кеңістік-ай. Мағмұр.
Қара тасқа сыр жасырдым тағы бір.
Зәм. Зәм.
Тысқарыға ұмтылғанмен сағына ,
іш жағына сіңіреді Қағба!
Алла!
Зәм-зәм – дыбыс еске салды Алланы,
Дирижердің қолындағы қаламы...
Зәм...
Зәм...

 

ШІДЕР

Шұбар ауыл. 
Шұбар бел. 
Шұбар дала. 
Шұбар бұлттан күн күлді мұнарлана. 
Шұбартауда жайылған шұбар айғыр 
шідеріне қарады күмәндана… 

Жетім бала әкесін сүйе алмады. 
Жесір әйел әлдене қиялдадады. 
Тоқал тамның пешіне жасырынған 
есі ауысқан өмір-ай қияндағы… 

Жастандырып беткейге өз тағдырын 
жас қабірде жатқан жоқ аз тағылым. 
Қас қаққанша қаздиған молаларға 
қасқа белден қарайды қасқа құлын… 

Хақтан ризық тілеген жалбарынып 
Қала жаққа сүйреді алдағы үміт… 
Қара базар ішінде қара қазақ. 
… Қара қазан қалыпты аударылып…

 

НАЛА

Көздерім жылауға ерік бер,
Жарасы жүректің қанады!
Өксіген өмірім ерітер,
мұз болған іштегі жараны.

Наз көңіл жан-жаққа елеңдер,
Жасыма жуылған жанарым...
«Ержігіт жылады»,- демеңдер,
Себебі мен әлі баламын.

Жылаудан қаласың сал болып,
Қатты екен қайғының кеселі.
Жүйкең де кетеді дал болып,
Көз жасың көмейді теседі.

У болып қайғының араны,
Бауырым барады езіліп.
Шаршаймын өзегім талады,
Тағдырдың торына кезігіп...

Наз көңіл жан-жаққа елеңдер,
Жасыма жуылған жанарым...
«Еркексің, жыладың»,-демеңдер,
Өйткені мен мәңгі баламын!

 

КҮЙ

Науырыз, ауа дымқыл, сұрғылт аспан,
Тағыда жазылады бір қырт дастан.
Бұл көктем, көктемдердің көңілсізі,
Жанымды күйдіреді жылытпастан.

Сезімім саған деген салқындаған,
Салқындап кетседағы сарқылмаған.
Сеземін соны ғана сен сезбейсің,
Өйткені сезім менен артылмаған.

Мұңымды түйіп алып орамалға,
Келемін осындай бір жорамалға.
Көктемнің көңілсіздеу қылығына,
Қолданатын шара жоқ, жоқ амалда.

Соған бола қуамын, қиялдаймын,
Есеңгіреп есімді жия алмаймын.
Не деген ұятсызбын, ұялмаймын,
Сені де өзімді де жиі алдаймын.

Кездесіп қиялымның қиырында.
Бір қызбен суреті бар иығында.
Жанымды жылытатын сәуле көрем,
Сол қыздың көздерінің қиығында.

Жанымның жалғандағы емі бір-ақ,
Алсам деймін перідей демін ұрлап.
Жымиып тұрсадағы күлімсіреп,
Менсінбейтін секілді ол мені бірақ.

Тулайтын тамшы қан жоқ тамырымда,
Шаршадым, сарқылды ғой сабырымда.
Бәрін тастап қанғырып кетсем бе екен,
Қосылып сығандардың табырына.
 
ҮЗІК

Әке,
тым жүдеп кеттің сен
анам кеткелі...
Оңынан шықса екен деп жүрмісің амал дәптері.
Сен мені бақытты қылдың ғой.
мен сені..,
бақытты қылуға шамам жетпеді....

Әкешім,
Кешірген опасыз балаңның қатесін.
Бір күні анамның соңынан кетесің.
Кеткен соң мәңгілік мұратқа жетесің.
Ұлыңды қалдырып ұятсыз мекенге
қызартып жалғанның шекесін.
(Апыр-ай! Не деген кекесін!..)

Әкетай,
Мен әлі жүрмін ғой өзіңе еркелеп.
Санамды ит-ғұмыр өртеді от.
О жақта анам жүр бұ жақта адамзат
аңсары ақша мен бір үзім бөлке боп.

Әкем-ау,
Жетпісті алқымдап қалсаң да
Жетпедің мәңгілік аңсарға.
Қызым деп, ұлым деп көлікке
Мініп ап түстің-ау сарсаңға.

Әкешім менің...
 
БОЯУ

Көктеңбіл күнге
көкзеңгір аспан қарайды.
Адамзат қайда асықты.
Майда жал желге
ақселеу шашын тарайды.
Ақжауын көңіл жасыпты...

Шайға да зауқым соқпай жүр.
Бәйгіден келген шайкүрең атым есімде.
Кермеден алып керторы бетке тақаушы ем,
кер сағал күннің кешінде.

Қалаға безіп күйттеп жүрген өз жанын,
Құдайдың көрдік жазғанын.
Көкдөнен күнім
көлденең келіп көзіме,
қанжирен шерді қозғадым.
Бозінген үнмен боздадым!
Боз далаң сені сағынды!
Боз далам мені сағынды!
Боз ала таңда бозқасқа мінген боздағын.
 
ТҮСІНІК

Мезі болып әбден жүдеп-жададым
жалғаннан.
Түріктердің кілемінде жатамын
шалқамнан!

Киімдерін жарқыратып киемін
шетелдің.
Тілін дінін ән мен жырын сүйемін
бөтеннің.

Үштұғырлы қазақ, орыс, ағылшын –
Тілім де.
Үшті-күйлі болып кетсек не қылсын
түбінде.

Түркі жұртын тамырыма балаймын –
Орхоннан.
Көшедегі көшпендіге қараймын
балконнан...
 
ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫ

Қазақтың қызы,
Сіз кеше қандай едіңіз?
Бір елдің болған намысы.
Өзіңнің ғазиз бойыңнан тарап тегіміз.
Ұрпағың ұлттың арысы.

Қазақтың қызы,
Дәл бүгін түсіп реңің,
Шылымның сордың тозаңын!
Армансыз ғана қыдырғың келді білемін
Жастықтың көріп базарын.

Қазақтың қызы,
Бұл жүріс Сізге мұрат па?
Әжеңді басқа ұр енді!
Етегіңді ашып еліңе қалып ұятқа
Құшақтап қалма тізеңді.

Қазақтың қызы,
Жігіттің болып ермегі
өткіздің қанша мамырды.
Қызойнақ басқан қалаға мына келгелі
Көріп жүр бәрі тәніңді.

Қазақтың қызы,
Жүзіңде жанып иманы,
Алхоры демі аңқыған.
Жұртыңда қалған тауып ап ар мен ибаны
Жырақтап кетпе салтыңнан...
 
ТАҢСӘРІ

Таңмен атқан тіршілік жел үрледі.
Марқасқа бұлттың марғау көңілдері.
Кәрі терек қанша сыр жасырды екен,
Кәрі құзғын бұтақтан көрінбеді.

Қара көзім һақтан нұр сұрағалы,
Бала кезім шыққа кеп тұнады әрі.
Қалаға өңін бергісі келмеді ме,
Алакеуім аспан да жыламады...

Оянды ма,
жоқ әлі,
оянбады.
Көкжиегім күнменен боялмады.
Біздің өмір басталар сәттен келіп,
Кірбің көңіл сәл ғана аялдады.

Тыныштықты үркітіп дамыл тапқан.
Ақыреттің мезетін жақындатқан.
Қара жерді айғыздап көлік өтті.
...Екі аяққа маза жоқ әлімсақтан!
 
КҮРМЕУ

Кірпігімнен сырғиды күндер үнсіз
Кірбің көңіл бір мұңлы, бірде мұңсыз.

Тас жолдағы тас үйдің тұрғыны боп,
Сан мамырды өткердім гүлдерінсіз.

Бұл маңдарда атамның үйі де жоқ
есігін жаба салар ілгегінсіз.

...Басқа біткен жазмышты жазғырамын.
Тасқа біткен аршадай діңгегінсіз.

P.S Даладағы көктемнің жөні бөлек,
Қаладағы көктемдер тым көңілсіз...