Ақын тағдыр

Ақын тағдыр
жеке
блог
Би әйелдерге
 
Әйелді сабап келіпті ері,
Жүрсін деп әркез ширығып.
Түске дейін жатады деп,
Төсектен тұрмай ұйлығып.
 
Қарғыс айт, қазақ, қызылға,
Әйелді қойған би қылып.
Қазақта қашан болыпты,
Қатындар ішкен жиылып.
 
Солардың дудар бастарын,
Жақса ғой отқа қи қылып.
Ерінің басын қор еткен,
Ұлтыңа тән бе, бұл қылық?!
 
 
Ер деп қалай айтармын
 
Үндемеумен келерсің,
Сауысқандай сақ болып.
Елге тимей септігің,
Жүрсің сүттен ақ болып.
Сен де көптің бірі - мен,
Әрі - сәрі күн кешкен.
Жағымпаздық мінезмен.
Басыңа жүрген бақ қонып,
Кейде сеніп ерме деп,
Иек артып қаламыз.
Сенгіштіктен аңқылдап,
Отыңа жаққан жанамыз.
Ер болмас езін елімнің,
Батыр деп қалай айтармын.
Ел болмақ пейіл сенде жоқ,
Қозбасын оған сайтаның.
Осы бір алған бағыттан,
Дей алмаймын қайтамын.
Атадан мирас қызыл тіл,
Өлсем де жоқ тартарым.
Шаңырақ, уық, кереге
 
Халық деген құмырсқа,
Еңбегімен күн көрген.
Қызметші, аты тек,
жегі құртты кім көрген.
Әзер кіріп телміріп,
тоздырып қара есігін.
Аузында кетіп жүр,
адалдан жиған несібім.
Шексең де өмір бейнетің,
бұйырмас тұзу зейнетің.
Көрсетпейді құлқындар,
борсықша сорып келбетін.
Бұрып қайда барады,
егеменді ел бетін.
Жиырма жылдық тойына,
жетсе де әлі ел жетім.
Жүр едік кеше дамбырап,
Көтерді бақан шаңырақ.
Шаңырақты ұстар уығы,
Кереге тұр неге қаңырап.
Ұлыңдай өгей қазақтың,
Ішіңде жүрміз аңырап.
 
 
Санасыз
 
Байлыққа бөккен ақымақ,
Адамды адам деп білмейді.
Туылған кеше анасын
Қиығына көзін ілмейді.
Алыста жақын туысты,
О, Сорлы,-деп күнде тілдейді.
Еңбегі жанғанды көргенде,
Сыртынан қанқулап күндейді.
Санасын жегізген  байлыққа,
Жадырап адамша күлмейді.
Құныға дүниеге толтырған,
Үйіне бір жан кірмейді.
Байлаулы есікті ит тағы,
Орынсыз шабынып үрмейді.
Құдайдың бары рас білерім,
Бір күні тілдерін күрмейді.