Поэзия алыбы,қазақтың сүйікті ұлы - Мұқағали!

  Қуанғанда да,ғашық болғанда да,налығанда да қазақтың іздейтіні Мұқағали. Әр өлеңі жүректі тебірентпей қоймайтын бұл поэзия алыбының дүниеге келгеніне биыл 86 жыл толар еді... Жазған өлеңінің әрбірі жүрекке жылылық сыйлайды. Неліктен? Себебі,жаны нәзік ақын өз оқырманымен өлеңінде табысқан.
   Гарсиа Лорка былай деген екен: " Ақын болу - ең мұңды бақыт... Шынайы поэзия - бұл маxаббат,батылдық,құрбандық... Басқаның бәрі есепке енбейді,тіпті өлім де." Ақын жанын түсіну қиын,ақын жолы ауыр жол. Бұл айтпаса да түсінікті дүние. Ақын өмірді өзгерте алмайды,дегенмен адамның ішкі жай-күйін түсіне алады. Өмірде өзі көрген қайғысы мен қуанышын,ақын қағаз бетіне түсіреді,оны оқыған оқырман өзін сол туындыдан табады,өлең жолдары арқылы өзіне серік іздейді. Міне,сол себепті біздің іздейтін адамымыз - Мұқағали.
  Бүгін менің туған күнім.
  Ой, бәле-ай!
  Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
  Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
  Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
 Көзі тірісінде жасай алмай кеткен туған күнін xалқы жыл сайын ұмытпай дүбірлі думан қылып атап өтеді. Әр мектепте,әр оқу орындарында Мұқағали Мақатаевқа арнап арнайы кештер өткізіледі,бүгінгі күн де соның бірі. Поэзия алыбы,патшасы Мұқағали! Сенің қалдырған мол мұраң қазақ әдебиетінің қорында бұрын да, қазір де, ертең де ең киелі орындардың бірін алады.
Арызыңды оқыдым атажаным,
Болашаққа арнадың оның мәнін.
Келер ұрпақ өзіңнен тәлім алып,
Олда сүйед(і) Отанын,тілін,xалқын.



Бөлісу: