Мұң мен шаттық

Өмір толы бөлімдер мен тараулар,

Әр жыраны жасырады әр аңғар.

Әкем жоғын сездіреді кей-кейде,

Жатта емес маған жақын адамдар.

 

Жан дүнием жетегінде сезімнің,

Сағынышым етегінде төзімнің.

Мазаласа өткен күннің өрнегі,

Кірпігімді жасқа шылап көз ілдім.

 

Ойға батам өзім білмей себебін,

Қара жолға қарағыштай беремін.

Сол жолдармен беймәлімдеу бір күні,

Әкем келіп қалатындай көремін.

 

Мұқалмаймын адамдарға не түрлі,

Қызың бүгін құламауға бекінді.

Торына алдап түсірмек жауыздардың,

Сусып түсем қолынан құм секілді.

 

Жел өтіне тақап тұрып бетімді,

Күннің нұрын ұрлап алам өшімді.

Мұң мен шаттық егіз екен айрылмас,

Көздің ақ пен қарашығы секілді.

 

Адал достың шатастырдым жетегін,

Үйретті өмір қайтарғандай өтеуін.

Қасқырлармен өмір сүру үшін де,

Қасқырларша ұлу керек екенін...



Бөлісу: