Күтші мені...

Жыртып тастап жазғанның бәрін бүгін,
Жүрегімде атом боп, жарылды мұң.
Мұңға оранып қалатын, жалғызсырап
Сенің бүгін ең соңғы шағың, күнім!

Ертең басқа күн туар күлімдеген,
Оянар менің қоңыр үнімменен.
Жалғыздықтан жабығып тітіркеніп
Ең соңғы сәтің бүгін дірілдеген.

Өткен күннің ұмытып бүгін бәрін,
Сен менің сезіміме жылын, жаным.
Жабырқау жараспайды жүздеріңе
Жөн болар соны, күнім, ұғынғаның.

Түсінеді екен деп сырымды кім,
Жаңа өмірдің ашасың шымылдығын.
Ойлардың құшағында күрсініп ап,
Көз ілетін ең соңғы түнің бүгін.

Кеудемде өмір сүріп жүрсің менің,
Тыңдашы, жүрек үнін, дүрсілдерін!
Ешкім сені түсінбей, жалғыз қалып
Ең соңғы рет болсыншы күрсінгенің.

Сезіміме сырыммен тұнған үнім,
Жалғандықтың жерге атып, ұр да гүлін.
Ең соңғы мұңыңменен қоштастырған,
Ең алғашқы жырымды тыңда, күнім!

Сүйе біл, сүйене бер сосын маған,
Жүрегіңнің жырын бер оқылмаған.
Өшпестей ғып мен сенің, ертең барып
Кеудеңе махаббаттың отын жағам.
Күтші, мені!

Авторы: Шарапат Раушанбек



Бөлісу: