Сен бақытсың

******
Ақша қармен шағылысып жатты күн,
Сүйіншілеп самал желдің аптығын
ару-Көктем алып келді Арқаға,
сол көктемнен сені таптым, шаттығым!
Алты ай қыстың арқалатқан бар мұңын, 
сілкіп тастап, сезім-күйге салды үнің. 
Күннен көркем көздеріңнің нұрына,
байқаймысың, ғашық болып қалды інің...
Бәйшешегін теріп алып бар қырдың, 
сыйға тартсам, айыптамай, ал құрбым.
Мұрша берген маңдайыңнан иіскеуге,
мырзалығын сүйіп өтем тағдырдың!
Кінәләмә, кішілігім - бар кінәм,
Мен өзіңді мың ғасырлық ән қылам.
Бесігінде махаббаттың тербейін,
құшағында Қозы-Баян қалғыған.
Осы көктем, " БАҚЫТ"деді сені шын,
Сыйла маған Хауа ананың жемісін.
Тым болмаса бір құшақтап қалайын, 
кеудемдегі Антарктида ерісін...

ШАРАПАТ РАУШАНБЕК



Бөлісу: