Поэзия - екінің бірінің егізі емес!

Поэзия - екінің бірінің егізі емес!
жеке
блог

Бұрын поэзияны қатты жақсы көретін едім. Әдемі өрілген өлеңдердің басты фанаттарының бірі мен болатынмын. Соған байланысты «Мой мир» әлеуметтік желісінде қауымдастық ашып, қазақ тіліндегі түрлі авторлардың ең-ең деген өлеңдерін жариялай бастап, бір уақыттарға шейін қауымдастықты жақсы айналдырып келдім. Бірақ кейін...

Байқағаным, қазақтың әр баласы өлең жазбаса бір нәрседен кенде қалардай сезінетін сияқты. Болсын, болмасын ұйқастар құрып, өтірік өлеңдер шығара беретіндерді көп кездестірдім. Критикаға ұшырап жатқан «ақындар» да болды, бірақ олар өзінің шедевр дүние жазып жатқанына еш күмәнданбай, соқыр сеніммен өлең жазуды жалғастыра берді. Негізінде, маған бәрібір ғой, бірақ қара сөздің қадірін кетіріп несі бар дейсің. Қолыңнан өлең жазу келмейді екен, басқа нәрселерде өзіңді шында. Мысалы, проза жазу қолыңнан келетін шығар...

Екінші мәселе, көптеген ақындармен таныс болдым. Таныса келген сайын, ақындар әлемінен алысырақ жүру керек екен деп шештім. Неге? Көптеген ақындардың екінші жартысы, отбасы бола тұра мұңды өлеңдер жазады (және көп кезде қыздарға қырындаудан да қашпайды). Ал менің түсінігімде мұңды өлеңдер адамның өзін ішкі мұң билегенде жарыққа келеді. Ал отбасында бақытты бола жүріп, армандағы махаббатты, қайғылы махаббатты жырлауға қалай болады? Бұл мені ақындардың бойында екіжүзділік бар ма деген ойларға итермелейді.

Және тағы бір айтарым, қиял, мұң, сұр әлемді суреттеп, сонда қала берген сайын реалдағы әлем де солай сұрлана, мұңдана береді. Егер реал әлем бақытты болса, сол бақытқа шүкіршілік етіп, қолдан келсе мотивациялық, барынша алға жетелейтін өлеңдер жазу керек деген тілегім бар.

P.S. Бұл менің жеке пікірім, бес саусақ бірдей емес екенін түсінемін. Жай ғана ақындарды ойлануға шақыратын жазба.