поэзия

поэзия
жеке
блог

                СЫНАҚ

Күмәнға бөлер көңілді,

Жауабын таппас сұрақ көп.

Не десе маған өмірді,

Айтар ем оны сынақ деп.

Аптап пен аяз сыңайлы,

Күйдіріп кейде үсіріп.

Таршылықпенен сынайды,

Ынсапты еске түсіріп.

Шыдамай сынға құлайды,

Біреулер көкке жетем деп.

Баршылықпенен сынайды,

Астамсып кетпес пе екен деп.

Осындай сәттер ұнайды,

Жақсы мен жаман екшеліп.

Сабырыңды да сынайды,

Қасіретпенен тексеріп.

Бір сәтте беріп күн-айды,

Жүргенде жерді мекендеп.

Қуанышпенен сынайды,

Мастанып кетпес пе екен деп.

Күмәнға бөлер көңілді,

Жауабын таппас сұрақ көп.

Не десе маған өмірді,

Айтар ем оны сынақ деп!..

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА