Адамның өз сырт келбетіне көңілі толмауын жиі кездестіріп жатамыз. Көңіл толмаушылықтан немесе туа біткен кемістіктен құтылу мақсатында пластикалық хирургияға жүгінетіндер саны күн санап артып келеді. Әсіресе жастар арасында жасанды сұлулық сәнге айналды. Әлемде белең алып келе жатқан пластикалық отаның біз білмейтін қыр-сырлары да жетерлік.
1. Пластикалық ота бастапқыда өлген адамдарға жасалған
Тарихқа жүгінсек, бастапқыда ота тек өлгендерге жасалған. Ежелгі Мысырда адамның кейінгі өмірдегі бет-әлпеті жерлеу кезіндегідей болады деген сенім қалыптасқан. Сондықтан да өлген адамның бет-кескінін әдемілеген.
Қайта өрлеу кезеңінің басында пластикалық ота шаштаразда жасалған. Онда жұмыс істеген ер адамдар шашты қалай алу керегін ғана емес, аяқ-қолды кесуді, тіс жұлуды, жараны тігуді, сынған мұрынды түзетуді, сүйелді алып тастауды білген.
2. Омырауға жасалған алғашқы ота
Бұл ота 1893 жылы 20 қарашада Германияның Гильденберг қаласында жасалған. Дәрігер Винсент Чернидің пациенті өз омырауына көңілі толмайтын 41 жастағы әнші болды. Дәрігер пациенттің арқасындағы өсінділерді (липомалар) жинап кеудесіне трансплантациялаған.
3. Бет трансплантациясының ең ауқымды операциясы АҚШ-та жасалған
2012 жылы хирург Эдуардо Родригес тарихтағы ең ауқымды бет трансплантациясын жасады. Балтимордағы Мэриленд университетінің медициналық орталығында жасалған операцияға 100-ден астам хирург пен медбике қатысты. Олардың емделушісі – 37 жастағы мас күйінде анасымен жанжалдасып, өзін мылтықпен атып өлтірмек болған Ричард Норрис. Норрис анонимді донордан жаңа бет алады. 36 сағатқа созылған операция кезінде Норриске тіл, тіс, жоғарғы және төменгі жақ трансплантациясы да жасалды.
4. Қыздықты қалпына келтірген алғашқы ота
Қыздықты қалпына келтіру бойынша алғашқы ота 1962 жылы жасалды. Бір қызығы, итальяндық хирург алғашқы отаны өз қызына жасаған. Бұл процедура гименопластика деп аталады.
Пластикалық ота жасатудан көшбасшы елдер
2019 жылғы көрсеткіш бойынша ота жасатудан Бразилия (1,5 млн), АҚШ (1,4 млн) және Мексика (581 мың) көшбасшы болды. Ресей 483 мың операциямен төртінші орында. Үндістан (395 мың), Түркия (352 мың), Германия (336 мың), Италия (314 мың) кезекті жалғады. 2018 жылдан бастап әлемдегі операциялар саны 7,1% - ға, ал 2015 жылдан бастап 20,6% - ға артқан.
Арай Тілеш