photoshopсыз сандық фотография

Бүгін Артур Газаровтың «Цифровая фотография без photoshop» атты кітабын оқып бітірдім. Бұл кітапқа бір жыл бұрын көзім түсті. Сатып алатын мүмкіндік болмағасын, кейінге қалдырып едім. Содан жақында «Атамұра» баспасынан сатып алып, оқып шықтым. Кітап суретке түсіруде белгілі бір тәжірибесі бар, сандық фотоаппаратпен жұмыс жасаған және де сол білімін ары қарай арттырғысы келетін адамдарға арналған екен. Былай айтқанда, сурет саласында жүрген «орта буынға» арналған. Сондықтан суретке түсіруде теориялық еш білімім жоқ маған бұл кітап қиынға соққанын жасырмаймын. Автор әр жағдайда суреттердің неге қате түсірілетінін ашып айтады және фототүсірілімнің неше түрлі әдістеріне тоқталады.

            Қазіргі кезде сандық фотоаппарат әр үйде бар десек те болады. Арнайы фотограф болмасақ та, қолда бар аппаратымызбен сапалы түсіре білгеніміз өзімізге жақсы. Өйткені қанша шыртылдатып түсіргенімізбен, шығаруға келгенде бір де бір сурет жарамай қалатын жағдайлар болады. Сосын суреттерді графикалық редакторда (adobe photoshop, photoimpact, т.б) қиюға, неше түрлі эффектілер салуға қаншама уақытымызды жоғалтамыз. Ол бағдарламалардың өзін көпшілігі толық қолдана білмейді. Сондықтан да о бастан суретке дұрыс түсіріп үйренген жөн.

            Кітаптың бар мазмұны - «қатесіз қалай түсіру керек?» деген сұраққа жауап береді. Жоғарыда айтылғандай, кітап тәжірибелі фотографтарға арналғандықтан түсініксіз терминдер көптеп кездесті. Бірақ қолында зеркалды фотоаппараты мен гугл шешейі бар, ең бастысы, қызығушылығы бар адам бұл қиындықтарды жеңе алады. Кітап мазмұны келесідей:

І-бөлім. Фототехника

ІІ-бөлім. Үй фотостудиясың құрылғылары

III-бөлім. Фототүсірілім

IV-бөлім. Түсірілім кезінде қалай қателіктерге ұрынбауға болады

V-бөлім. Жарық

VI-бөлім. Макротүсірілім

VII-бөлім. Пейзаж түсірілімі

VIIІ-бөлім. Заттық түсірілім

IX-бөлім. Ғимараттағы түсірілім ерекшеліктері

X- бөлім. Түсірілім әдістері

ХІ-бөлім. Қозғалған объектілерді түсіру ерекшеліктері

            Бір байқағаным, кітапты қайталамалар көп кездеседі. Әсіресе, әр бөлімнің соңында фототехника деген тақырыпшада. Бірақ, өз басыма бұл қайталаулар кедергі болған жоқ. Бұйыртса, бұл кітапты әлі талай парақтаймын. Өйткені бұл кітапты толық меңгеру практикалық іс-әрекеттермен қатар жүруі тиіс екен білдім. 



Бөлісу: