Періштелер ұйықтағанда...

Періштелер ұйықтағанда...
жеке
блог

Жуырда ғана еліміздің танымал әншісі Қайрат Нұртастың «Арман. Когда ангелы спят» атты кинотуындысы жарық көрді. Басты рөлді Қайраттың жары Жұлдыз Әбдікәрімова мен Қайраттың өзі сомдады. Жақында ғана жарын көпшілікке таныстырғандықтан халық біріншіден Қайраттың жары қандай екен деген сауалмен киноны тамашалауға келсе, екіншіден Қайрат қандай кино түсіріпті деген оймен келіп жатты. Киноны көріп, басталғаннан біткенге дейін көзімнің жасын құрғата алмадым. Қайрат жас та болса айға шапты демессіз, себебі кино мазмұны өмір шындығына негізделген. Айдарынан жел ескен бала болып не қарқ қылды деген қызғанышпен келгендер де болған шығар. Бірақ, мазмұны мағыналы кино қалталы азаматтармен қатар қарапайым халықты да ойландырды деп ойлаймын.

Қайрат осы кинотуындысы арқылы зорлықтың зорын жасап жүргендердің айыбын бетіне басты. Кинода сүйіктісімен отау құруға жақын қалғанда байдың ұлдары зорлаған Арман деген қыздың өмірі суреттелген. Арман зорлық көрсе де елдің алыпқашты сөздерінен еш қорықпастан, үнсіз қалмай бай балаларының масқара әрекетін дүйім жұртқа паш етеді. Кино желісі түріктердің «Фатмагүлдің кінәсі не?» атты телехикаясына ұқсас. Десек те, қыз баласын қорлау біздің елімізде де бар. Мен киноны көріп отырып жыласам, көпшілігі күліп отырды. Халық тек жеңіл дүниеге үйреніп кеткен сияқты. Режиссер көрсеткісі келген трагедияны көрмей, әркім өзінің көргісі келгенін ғана көрді. Одан арғысын байқамады.

Драма жанрында түсірілген кинодан комедияны іздеудің қажеті жоқ. Қайраттың орысша сөйлегеніне күліп, мысқылдаған жастардың бас ауыртқысы келмейтін «проблема» қыз зорлығы. Ол бұл картинада айқын көрсетілген. Арманның тағдырының тас-талқаны шықты. Адамның басы Алланың добы екені рас, алайда қыз баласының тағдыры да ойыншық емес. Асығы алшысынан түсіп, бай отбасында дүниеге келген балалардың кейбірі тек әкесінің жиған малын көз жұмып шашып жататыны белгілі. Қымбат мейрамханалар, клубтар мен казинолардан шалқақтаған «байдың балаларын» көруге болады. Ең сорақысы сол ақшаны адалдан тапқан секілді лезде шашып тастайды. Ал олардың ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс көретіндер оларға жалтақтап, айтқанына көніп, айдағанына жүріп жатады. Кино желісінде басты зұлым кейіпкердің бірі Айдархан клубқа кіріп бара жатып көлігін тыйым салынған орынға қоя салады. Оны көрген полиция қызметкері алып тастауын талап еткенде Айдархан саусағын көрсетіп клубқа кіріп кете береді. Сондағы полиция қызметкерінің көшеде көрінгенге салатын айыппұлы қайда қалды?!

Сол автокөлікті тәркілеу заңының күші қайда қалды?! Әрине, бұл тек кино ғана. Алайда, кино желісі өмірден алынбағандығына кім кепіл?! Полиция қызметкерлерінің қалталыларға айыппұл түгілі аузын аша алмайтыны да бар. Көпке топырақ шашпаймын, дегенмен парақорлық әлі де өршіп тұр. Арман азуын айға білеп, кек алуға бел буады да төрт кінәліні түгелдей жер жастандырады. Төртеуін де өлтіріп, кегін қайтарды деуге бола ма? Айда аяқ, жылда жілік жоқ қой, десек те зорлық сүйекке таңба болып басылады да қалады. Мұндай сорақылық қаншама қыз баланың басынан өтіп жатыр. «Мүгедек қызымды бизнесмен зорлады» деп ашынған алматылық Меруерт Шаяхметованың зары кімнің есінде қалды? Аяусыз зорланып, өзіне қабір қазған Балқаштық Нұргүлдің жанайқайы қайда қалды? Естігенде күрсіндік те қойдық. Ұмытылып кетті. Жазалылар жазасын алғаны бар, алмағаны бар. Ақсақ қой болып түстен кейін маңыраған заманда өмір сүріп жатырмыз. Зорлыққа ұшыраған қыз баласының елге ұят боламыз деп аузын жауып, қазақ менталитетіне жат дүние, көршім өсектемесе болды деп қызымыздың тағдырына салғырт қарап отырамыз. Кинотуындыда мұндай жағдайға мысал ретінде Доспановтардан Арманның жақ ашпауына ақша алып келген тәтесі Ақлиманы көрсеткен. Қазақы менталитет, өсек деп қорқып, бұғамыз. Ал сол қазақтың қыздарын зорлап жатқан қазақ жігіті дегенді естігенде менталитетің адыраң қалсын дегің келеді.

Жігіттерімізден намыс кетсе, қыздарымыздан абырой кетті ме деп қорқамыз. Жесірін жылатпаған елдің қарындасы мен қызын зорлық үшін құрықтағанына көз жұмып отырғаны ешкімнің көкейін тесіп жатпағаны ма?! Алды ақ жайлау ағаларымыз қайда?! Қазір бәрі жеке басының қамын ойлап, туғанына да бас салуға әзір отырғандай. Ағайынның азары болса да, безері болмаушы еді ғой. Қыздарымызды қорғайтын намыстыларымыз қайда? Қыз баласы етегін қымтап жүруші еді, қазір қыздарымыздың да қадірі қалмай барады. Қыз баласын автобуста көргенде орын беруші едік, қазір орын бермек түгілі қағып өте береміз. Мұндай жағдайға жеткізген өзіміз. Қоғамның санасы саналыны қабылдағысы келмейді. Ақыл айтқанға айдағыны айтқандай қарап, менсінбейміз. Көпті көргенге керіліп қараймыз да көргенін көкейімізге де алмаймыз. Айран сұрай келіп, шелегімді жасырмағанды жақсы көремін, шынын айтқанда тоқырап бара жатқандаймыз. Алып та жығатын, шалып та жығатын момындарымыз мойынға дейін мініп, қызын зорлап жатқанда қалайша үнсіз қалуға болады? Айдарлысын құл қылмаған, тұлымдысын тұл қылмаған ел бола отырып неге елде болып жатқан жағаны ұстатқан жағдайларға бейжай қараймыз?! Заң бар болса әділдік жоқ, әділдік бола қалса заңымыз ақсаңдап қала берсе елдігіміз қайда қалады?! Қызды қырық үйден тыйып қана қоймай, қызғыштай қорғасақ зорлықтың алдын алар едік пе?! Арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болмай тұрғанда қазақ қызы деген аяулы атқа кір келтіріп, күллі әлемге қазақ қазақты зорлады деген атаққа жер жарғызбай бесігімізді түзейікші. Ауыл итінің құйрығы қайқы ғой, өз жерімізде мықты болсақ мықтылығымызды бір бірімізге қорған болып дәлелдейік!