Періште сезім
блог
БӘРІБІР СҮЙЕМІН КӨКТЕМДІ...
Білсе де білмеген сыңайлы,
Мына күз халімді сұрайды.
Ренжісең ренжи бер, қоңыр күз
Маған тек гүл көктем ұнайды.
Көрсе де көрмеген тәрізді
Қоңыр жел аңдиды әр ізді.
Шаттанып шырқаман... себебі
Көктеммен келеді ән ізгі.
Суықты сүйсең де сен мейлі,
Мен қысты өткергім келмейді.
Себебі ақша қар жанымды
Ақ тоңның астына жерлейді.
Жыр қылып қар басқан бақтарды
Жаза бер, жолдай бер хаттарды.
Бәрібір оларды оқыман,
Сүймеймін себебі... ақ қарды.
Қыс келсе салатын күйгелең
Нелікетен түстім бұл күйге мен,
Шыршаңды сәндеме бәрібір
Мен оны айланып билемен.
Жанымды ақ ұлпа қар басты,
Ұлпалар ұлпаға жалғасты.
Мендегі сезімді оятсын
Тек қана бәйшешек алғашқы.
Мың мәрте шырқасаң өлеңді,
Жібіте алмассың денемді,
Тырнаның көктемгі әнімен,
Оралам өмірге мен енді.
Сары күз жасыңды төкпе енді,
Ақ қысым, айта бер өкпеңді.
Мен сондай қырсықтау жан едім.
Сүйетін тек қана КӨКТЕМДІ!!!
10.10.2014ж
ЖАУАПСЫЗ ЕМЕС СЕЗІМІҢ
Мен қасқайып жүргенге құламайды деп пе едің?
Естілгенге шат күлкім жыламайды деп пе едің?
Төрт құбылам түлгелдей сабырлы боп көрінсем,
Тағдырынан бұйымтай сұрамайды деп пе едің?
Қарамасам бұрылып, сүймейді екен дедің бе,
Жалынына сезімнің күймейді екен дедің бе.
Сырттай мен бір сабырлы, тұйық адам болғанға
Сезімдерін көкірек билейді екен дедің бе?
Жылы қабақ көрмесең, мұздай екен дедің бе?
Құлататын қаупі бар құздай екен дедің бе.
Балдай жағар құлаққа жылы сөзді күткенде,
Әрбір сөзім ап-ащы тұздай екен дедің бе
Махаббатты сезбейтін емес жүрек жапырақ
Сезіміңді түсінбес дедің бе әлде ақымақ.
Саған деген пейіл мен, ықыласты ып-ыстық,
Бір үңілсең білер ең жанарымнан бақылап.
Шыны керек... ұнайды маған ғашық болғаның,
Ессіз- түссіз ғашықтық... сүйген жанға ол да мұң.
Сезімдерің жауапсыз қалмақ емес ешқашан
Махаббаттың бар мәні біле білсең сол!!! жаным.
30.09.2014жыл
ПЕРІШТЕ ҚЫЗ
Көңілі көктем, жаны жаз, гүл жүректі,
Көрген жанның жүрегін үлбіретті.
Біреу сезсе күн нұрын жанарынан,
Біреу сезді жанынан түнгі лепті.
Жаны жайсаң, мінезі тым көрікті,
Көргендердің тілдері күрмеліпті,
Ақ көйлегі жұпарлы аппақ гүлден,
Мұндай сылқым сұлуды кім көріпті?
Нәзік қолы көгершін қанатындай,
Қанатына көз тоймай талатындай.
Жеңіл ғана қадаммен байқағанға,
Жүріп емес қалықтап баратындай.
Әр тал шашы толқыны көк теңіздің,
Жұпары емі болар өкпеңіздің.
Пенде емес бейне бір ақ періштедей
Көрінеді шуағы өткен іздің.
Күлкісі төгіледі таңғы шықтай,
Емдейді құлақ пенен жанды ұшықтай.
Әр сөзді мәнерге сап сөйлегені,
Қоймайды жүрек пенен тәнді ысытпай.
Хош иісті... раушанға оранғандай,
Сол хошпенен гүл көктем оралғандай.
Өкпемен, қанмен өткен жұпарынан,
Денеңдегі бар дертің жоғалғандай.
Ал жүрегін саф алтын... күз дейсіз бе?
Дәметіп сіз де үміт үзбейсіз бе?
Шабытқа арқау болар дәл осындай
Періште кейіпті қыз іздейсіз бе?