Патшаның жаңа киім-кешегі

Патшаның жаңа киім-кешегі
жеке
блог

Ертеде қаржысының бәрін жаңа киім тіктіру үшін жұмсайтын бір патша болыпты. Ол әскері үшін қайғы жеп, театр үшін бас қатырмапты. Ол қыдыруға жаңа киімдерін көрсету үшін ғана шығады екен. Оның күннің әр сағатына арналған камзолы болыпты да, әдетте бір патша туралы: «Ол кеңес құрып жатыр» -  десе, бұл туралы ылғи да: «Патша киім ілетін бөлмеде» - дейді екен.

         Ол тұрған үлкен қала тым қарбалас еді. Күнде көптеген бөтендер келіп кететін. Бір күні екі өтірікші де келіпті. Олар өздерінің тоқымашы екендіктерін айтып: «Біз керемет мата тоқимыз. Бұл матадан тігілетін киімдердің өз лауазымына сай емес, немесе өте ақымақ адамдарға көрінбейтін ерекше қасиеті бар» - депті.

         «Бұлары тамаша екен - деген ойға кетті патша - егер менің сондай киімдерім болса     патшалығымдағы қай адамның өз қызметіне сәйкес келмейтіндігін біліп, ақымақтарды  ақылдылардан ажырата алар едім! Мен бұл маталарды алайын!» Сөйтіп ол қос өтірікшінің істемек болған жұмыстары үшін көп ақша береді.

         Ана екеуі үстінде ештеме болмаса да екі тоқыма үстелін құрып қойып, жұмыс істеп жатқансиды. Соған қарамастан олар ең нәзік жібек пен ең таза алтынды талап етеді де, оларды өздерінің дорбаларына салып қойып, таңның атысынан түн қараңғылығына дейін бос үстелдің қасында жұмыс жасайды.

         «Қанша мата тоқығандарын білейінші - деді патша – тоқымашыларға өзімнің ең ересек адал министрімді жіберейін. Оның ақылы жеткілікті әрі өз жұмысын одан артық ешкім білмегендіктен матаның қандай екендігін сол ғана дұрыс бағалай алар»

         Сонымен бос тоқыма үстелінің жанында екі өтірікші жұмыс істеп отырған бөлмеге кәрі де тәжірибелі  министр кіріп келеді. «Мәссаған – мен ештеңені көріп тұрған жоқпын ғой» -  деп ойлаған  ол көздерін бағжитқанмен онысын дауыстап айтпайды.

         Өтірікшілер оның жақынырақ келуін өтініп, сосын бос үстелдің үстін нұсқайды. Байғұс кәрі министр ештеңе көре алмайды, өйткені онда ештеңе де жоқ еді. «Мен ақымақпын ба? Өз лауазымыма сәйкес емеспін бе? Бұлай деп еш ойламап едім, бұл туралы ешкім білмеуге тиіс!»  

         «Ал кәне, сіз бұған не айтасыз?» - деп сұрады тоқымашылардың бірі.

         «О-о, тамаша екен!» -  деді кәрі министр көзілдірігімен сүзіле қарап. «Қандай өрнек, қандай бояу! Иә, мен патшаға бұлардың маған қатты ұнағанын айтам»

         «Жарайды онда, біз де қуаныштымыз!» - деді қос тоқымашы.

         Енді  өтірікшілер тоқыма үшін одан да көп ақша, одан да көп жібек пен алтын талап етті. Оның бәрін өз қапшықтарына тығып қойды да, баяғыдай бос үстелде жұмыстарын жалғастыра берді.

         Біраз күн өткенде патша онда тағы бір жоғары лауазымды адал қызметкерін жіберген еді, бірақ бұл жолы да жағдай  тап біріншідегідей болды, онысы қанша тесіле қараса да, онда бос тоқыма үстелінен басқа ештеңе болмағандықтан, түкті де көре алмады.

         «Мен ақымақ емеспін. Керісінше менің қызметім маған сәйкес емес. Мұны ешкім байқап қалмау керек» - деп ойлады қызметкер.

         Бұл да көзі көрмей тұрған матаны жер-көкке сыйғызбай мақтады.

          Ақыры қаланың барлық тұрғындары теңдесі жоқ мата туралы әңгіме дүкен құра бастады да, патша оны өз көзімен көрмек болды. Іштерінде қос адал қызметкері де бар көптеген нөкерлерін ертіп алып,  ол екі өтірікші қуға қарай беттеді.

         Қараңызшы! Тамаша емес пе? Не деген ою, не деген түс!» - деді,  патшаға бос тоқыма үстелін көрсетіп, басқалардың бәрі көріп тұр ғой деп ойлаған жоғарғы лауазымды қос қызметкер.

         «Немене, мен түкті де көріп тұрған жоқпын! Сұмдық-ай! Мен топаспын ба? Шынымен де мен патша тағына лайықты емеспін бе? Бұл менің өмірімдегі ең сорақы жағдай болды ғой!» – деген ойға кетті патша.

         «Паһ, шіркін, мыналарың өте көркем екен» - деген ол бос тоқыма үстеліне тесірейе қарап тұрды да, риза кейіппен басын изеді. Онымен бірге болғандардың бәрі де ештеңені көре алмаған еді, бірақ олар да патшаны қоштап: «Көркем екен» - десті. Сосын олар осы тамаша жаңа киімдерін алғаш рет келе жатқан ұлы мейрамда киіп шығуды ұсынды. «Бұл керемет, тамаша, теңдесі жоқ!» деген сөздер ауыздан ауызға тарап жатты.

         Мейрам алдында түнімен тоқыма үстелінің басында отырған алдамшылар талай майшамды рәсуә етті.

         Өзінің ең беделді деген нөкерлерін ертіп келген патшаға бір қолын жоғары көтерген алдамшылар: «Қараңдар, мынау шалбар! Мынау камзол! Мынау шапан! Тағысын тағылар» - деді.

         «Ғажайып» - деді барлық қызметкерлер бір ауыздан, бірақ олар ештеңені де көре алмады, себебі онда көзге көрінер ештеңе де жоқ еді.

         Патша бар киімін шешіп тастады да, алдамшылар оған жаңа киімдер кигізіп жатқандай қимыл-әрекет жасады. Ал патша болса айнаның алдында ары-бері бұрылып, шыркөбелек айналды.

         «Қалай жарасып тұр! Құйып қойғандай! – деді айнала қоршағандар – Не деген үлгі, не деген түс!»

         «Қараңдар, мен дайынмын! Жарасып тұр емес пе?» - деді де патша айнаның алдында тағы бірер мәрте айналды.

         Сонымен патша алтынмен апталып, күміспен қапталған күймесіне отырып алып, қала аралауға шықты. Көшедегілер мен терезеден сығалағандардың ешқайсысының түкті де көріп тұрмағандықтарын білдіргілері келмегендіктен: «Патшаның жаңа киімдері неткен әдемі! Не деген жарасым!» - деп шуласты.

         «Бірақ ол тырдай жалаңаш қой» - деді ақыры бір кішкентай балақай.

         «Бірақ ол тырдай жалаңаш қой» - деді дүйім жұрт.

         Патша халықтың айтқанының ақиқат  екендігін түсінді; дегенмен ол: «Мен сыр бермей шыдай тұрайын» - деп шешті. Оның тұрқы бұрынғысынан да тәкәппарлана түсті де, жоқ шымылдықтың етегін көтерген нөкерлері соңынан еріп берді.