Патриоттық рухты көтеру құралы - ән
блог
Бүгін естіген жанды енжар күйде қалдырмайтын, жігеріңді қайрап, рухыңды көтеретін ел есіндегі әскери-патриоттық әндердің шығу тарихына тоқталамыз.
“Атамекен” әні
Патриоттық ән дегенде ең бірінші кезекте әнші, композитор Қазақстанның халық артисі Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әні еске түсетіні анық. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жатқа білетін осы бір әнді ел арасында екінші әнұранға балап жататындарды да жиі естиміз. Бұл – елдің әнге деген ыстық ықыласының көрінісі. Халық жүрегінің төрінен орын алған осы бір өміршең ән 1970 жылы жазылған болатын. Гастрольмен шетелдерде жүрген Ескендір Хасанғалиев елін сағынып, отанға деген махаббатын әнмен жеткізгісі келіп, “Атамекен” әнін жазуды ұйғарады. Композитордың ұзақ тебіренісінен соң әннің әуені дүниеге келеді. Кейін әннің сөзін жазуды Ескендір Хасанғалиев ақын Қадыр Мырза Әліге тапсырады. Әннің сөзі дайын болған соң композитор Республика сарайында өткен үлкен концертте оны елге таныстырды.
“Көк тудың желбірегені” әні
“Көк тудың желбірегені – жаныма қуат береді!” Әнді алғаш естігенде делебесі қозбаған қазақ болмаған шығар, сірә? Бұл – eліміз егемендігін алып, туын тіктеп, шартарапқа шашылған қандастарымыз отанына оралып жатқан кезде, 2000 жылы жазылған өлең. Әннің өмірге келуіне себеп шекаралық аймақтағы шатыр үстінде тұрған ту екенін бірі білсе, бірі білмес.
"Елге оралып келе жатқан кезім еді, “Қорғас” шекара бекетінде желбіреп тұрған көкбайрағымызды тұңғыш рет көрдім. Шағын шатырлы үйді үстінде тұрған көк туымыз құдды бір өз тілінде дыстап тұрғандай әсер қалдырды", – дейді ақын Алмас Ахметбекұлы.
Сол кезде тебіренген ақынның ойына өлеңнің мына жолдары келеді:
Көк тудың желбірегені,
Бақыттың елжірегені.
Қиырда қалған қазақтың,
Көзінің мөлдіргені…
Кейін Алматыға келген соң өлеңнің қалған шумақтарын жазады. Әннің авторы – Ермұрат Зейіпхан. Ән көпшілікке әнші Ибрагим Ескендірдің орындауында танылды.
“Мен қазақпын” әні
Әнші Қуандық Рахымның репертуарындағы бұл әннің сөзін ақын Нұржан Өмірбай жазған, композиторы – Жарасхан Төлеубай.
Ең алдымен, бұл өлең – елге деген махабаттан туған дүние. Негізі “Мен Қазақпын” деп аталатын өлеңдер көп. Бірақ солардың ішінде шоқтығы биігі – Жұбан Молдағалиев атамыздың “Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген” деп басталған өлеңі.
Бұл әніміз бүгінде жастармыздың түрлі жарыс-байқауда орындайтын, спортшылармыздың шаршы алаңға шығар тұстағы жігерлендіретін әніне айналған.
“Алға, жас ұлан” әні
“Алға, жас ұлан” – Алматы облысында орналасқан жоғарғы және орта әскери оқу орындарындағы курсанттардың ұранына айналған ән. 2010 жылы ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен “Елім менің” республикалық патриоттық ән байқауында “Алға, жас ұлан” туындысы бірінші орын алды және осы әнмен “Ұлан” балалар вокалдық тобы Түркияда өткен халықаралық ән байқауында топ жарып, жүлдегер атанған.Әні мен сөзін, ақын, композитор Төлеужан Ғұмаров жазған. Автор әннің жарықққа шығуына әскери бөлімшелердің біріндегі саптық жүрісте кетіп бара жатқан сарбаздардың әні себеп болғанын айтады.Ақын-композиторларымыздың қаламынан шығып жатқан әскери-патриоттық тақырыптағы шығармалар аз емес, бүгін тек елге кеңінен танымал әндер тарихына тоқталдық.