ПАТЕНТ
блог
Нағашы ағам малсақ, атқұмар жан болатын. Өзі де жылқы мінезді, оқыс қылықты кісі еді. Пәлен жерде біреудің су шайқалмас жорғасы бар екен десе, «Сонда менің қара жорғамнан жорға ма екен» дейтін. Қара жорғасын мақтаған адамды әулиедей көреді, ал даттаған адаммен өмірі кеңірдектесіп өтуге бар. Шынымен де, қара жорға біраз елге атақ-даңқы жеткен сұлу жүрісті, бітімі ерекше жануар еді, шіркін!
Нағашы ағам малсақ, атқұмар жан болатын. Өзі де жылқы мінезді, оқыс қылықты кісі еді. Пәлен жерде біреудің су шайқалмас жорғасы бар екен десе, «Сонда менің қара жорғамнан жорға ма екен» дейтін. Қара жорғасын мақтаған адамды әулиедей көреді, ал даттаған адаммен өмірі кеңірдектесіп өтуге бар. Шынымен де, қара жорға біраз елге атақ-даңқы жеткен сұлу жүрісті, бітімі ерекше жануар еді, шіркін!
Сол қара жорға көп жемнен аяғына қан түсіп, жүрісінен жаңыла бастаған шағында біздің үйге келді. Қамыс құлақ, үстіне май жағып қойғандай жылтыр қара. Есік пен төрдей! Атағашта байлаулы тұрған сұлу мүсінді ауылдың кісілері тайлы-тұяғы қалмай келіп тамашалады.
«Қара жорға сүріне береді, аяп кеттім, құр жіберсем ит-құсқа жем болар. Жылқы баласының сүйігі мен күйігін жақсы білесің ғой, сенің қолыңда қартайсын!»
Нағашым әкеме осыны айтып, қара жорғаны бізге тастап кетті.
Ұшқан торғай қанатының сусылынан елең етіп, тұла бойымен дүр сілкініп, құлағын қайшылап, бір орнында тұра алмай тыпыршып, осқырынып тұрған қара жорғаны кешке қарай әкем ерттеп мінде де, сайды өрлеп кетті...
Содан бері де біраз уақыт өтті. Қара жорға бізге, біз оған үйірлесе бастаған күндердің бірінде артында жетегі бар нағашы ағам келді.
«Қара жорға түнде түсімнен, күндіз ойымнан шық-пай-ақ қойды. Өзің беріп, өзің алдың дерсің, айыбыма мына ту биені әкелдім. Қысқа қарай соғымға жығып ал, жас жылқы» деп әкемнің алдына боз биені көлденең тартты.
Әкем ештеңе деген жоқ.
Жетегін тастап, мініп келгенін жетегіне алып, балаша мәз боп нағашым аттанды.
Сол жылы күздің аяғы созылып, қыс жылы болды. Жылы күнде сойып алсақ, семіз биенің еті қызып кетеді-ау деп, аязды тоса жүріп, қыс та бітті. Қызық болғанда, көктемге қарай «ту бие» туып қалды – тең-біл көк еркек құлын! Бәріміз таң-тамаша болдық. Боз бие белгісіз жабайы жылқының үйірінде болған, мына құлыннан асыл тұқым шығады деп мұны аңызға айналдырғандар да табылды.
Тегі белгісіз құлын туралы әңгіме қаладағы ат спорты клубындағылардың да құлағына жетіпті. Клуб басшылары, ат бапкерлері бірінен соң бірі келіп, қолқалап жүріп ақыры құлынды бізден алып кетті.
Боз бие келесі жылы тағы да алғашқысынан аумайтын теңбіл көк еркек құлын тапты. Әкем оны маған еншілеп берді.
Теңбіл көк құнанынан дөнен шығатын жылы ат спорты клубының адамдары бізге тағы келді. Бұл жолы олар теңбіл көктің ағасын да өздерімен бірге ала келіпті. Жануар туған жерін ұмытпаған екен, құлын кезінде талай асыр салған жуалы бөктердің көк майса жасырған қара топырағын тарпып-тарпып жіберіп, танауын делдите иіскеледі, көк аспанды тұндыра кісінеді-ай келіп. Күннің ыстығынан ығып, үйдің қасындағы ағаш көлеңкесінде изектеп тұрған менің көк теңбілім басын жерден жұлып алды. Көрмеген туысын жүрегі сезді ме, қос құлағы жебедей шаншылып, дауыс шыққан жаққа қарап шаба жөнелді. Аналар да ноқтаны сыпырып, атты босатып жіберді. Аралары бір-ақ жас қос теңбіл көк түйенің қос өркешіндей қарама-қарсы келіп тұра қалды.
Қонақтар ағаш көлеңкесінде отырып, бір-бірінен аумай қалған ағайынды екі атты тамашалай қымыз ішісті. Сары қымыз тілін үйіріп, алпыс екі тамырын бүлкілдеткен шақта клуб басшысы бұйымтайын қымыздан бастады:
«Қазақтың қымызын немістер ме, жоқ әлде еврейлер ме өздерінің ұлттық сусыны ретінде патенттетіп алған деседі. Біз енді молынан қымыз өндіріп, халықаралық базарға салар болсақ, соларға салық төлеймізмыс. Айтпақ-шы, қос теңбіл көктің енелері қайда? Біз соған құда түсе келдік» деп жайма шуақтатты. Әкем жоқты жол ортадан киліктіріп жүрген патентшілерді ме, жоқ әлде «Атамның шоты шапқан сайын ілгері тиеді» деп енді боз биеге көз сүзген клуб басшысын ба, әйтеуір жақтырмай мырс етіп күлді де қойды.
Қызық қымыздың қызуынан соң болды.
Манадан бері тым жақындаспай, тек иіскелесіп, мекіренгендей, пыр-пырлап, бір түрлі дауыс шығарып, ұзақ тұрысып қалған қос теңбіл көк ағалы-інілі екендіктерін қазір біліп алған. Мойындарын айқас-тырып, бір-бірінің шоқтық тұсын күрек тістерімен қасысып тұр. Жанарлары мөлт-мөлт етеді. Көздерінің алды сорғалаған жас.
Клубтың ат бапкері болуы керек, отыздар шамасындағы арық қара, мана өзі сыпырып алған ноқтаны алып аттардың қасына жақындап келді де, іркіліп қалды – екеуі де өзінің теңбіл көгі, не болмаса екеуі де емес. Ол өз атын тани алмай дал болды.
Сағыныш мауқын басып, айқасып тұрған қос теңбіл көк жақындап келген адамды елеген жоқ. Осы нараулық сәтті пайдаланған арық қара екі аттың бірінің басына ноқтаны салып үлгерді. Аттың бірі ойнап шыға берді де, енді бірі арық қараны айналып қалды.
«Біздің жігіттердің көзі Қырымнан шалады, көрдіңіз бе, өзіміздің теңбіл көкті жазбай таныды» деп клуб басшысы қарқ-қарқ күлді.
Арық қара теңбіл көкке шылбыр арқылы таяй түсті. Бір кезде шыр айналып, аласұрған аттың шоқтығынан шап беріп ұстай алды да, өз әдетімен ыңғайына тура келіп қалған тұстан қарғып мінбекке секіре берді. Оң жағынан келіп асылған адамды тумысында көрмеген теңбіл көк дәл сол кезде сарт еткізіп теуіп өте шыққан. «Шылп» еткен дауыс отырғандардың жүрегін зірк еткізді. Арық қара теңбіл көктің қамшылар жағынан келіп жабысқан ғой. Біздің аттардың сол жағынан, мінер жағынан келмесең, жанына жан жуытпайтынын ол қайдан білсін.
«Аң шадырын оқ табар» дегендей, теңбіл көктің оқыс мінезі, тегеурінді тепкісі қаңбақтай ұшып кеткен арық қараға да, отырғандарға да ноқта салған аттың өздерінікі еместігін бірден аңғартты. Абырой болғанда, арық қара жараланған жоқ.
Әкем дауысын көтере: «Міне, біздің патент! Пәлен онымызды, түген мұнымызды еншілеп алыпты деп елді екіұдай еткенді қойыңдар. Бабадан қалған дәстүр мен салтымыз төрт тұрманымызды түгендеп, барымыздың бағасын асыратын алтын арқауымыз» деді тынысы кеңіп.
Қонақ басы байыбына бармай айтқан сөзіне ұялды ма, кетер-кеткенше жақ ашқан жоқ. Тек аттанарда: «Біздің теңбіл көк сіздің теңбіл көктің қасында біраз қала тұрсын, патенттеп берерсіз» деді сөзінің соңын қалжыңға айналдырып.
Шынымен де, бір биеден туған екі құлын екі басқа мінезде – клубтың теңбіл көгі оң жағынан, не болмаса сол жағынан келіп ерттесең де, мінсең де оған бәрі бір, селт етпейді. Ал біздің теңбіл көк оң жағы, қамшылар жағынан келіп мінгенді қойып, сауырынан сипат-пайды...
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ
"Текелі тынысы" газетінің редакторы.