Париж сән подиумын бағындырған тұңғыш қазақ қызы

Еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласының мәдени өмірінде айрықша оқиға «Алла – Диордың шығыс маржаны» деректі фильмінің бас продюсері, экономика ғылымдарының докторы, дипломат Берлин Иришевтің «Диор музасы. Алла Ильчуннің ашылмаған жұмбағы» (L’Enigme d’ALLA. Muse de DIOR) кітабының тұсаукесер рәсімі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасының мәжіліс залында өтті.

Берлин Иришевтің бұл кітабы аты аңызға айналған қазақ қызы париждік модель Алла Ильчунға арналған. Ол ХХ ғасырдың ортасында сән әлемінде топ жарып, Ұлы кутюрье Кристиан Диорға ұмытылмас әсер қалдырған.

"Париждің сәні мен әсемдігі" атты іс-шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы- ректоры Жансейіт Түймебаев, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс, белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениеттанушылар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Кешті еліміздің қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Досым Сатпаев жүргізді.

Іс-шара қатысушыларына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы- ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. Оқу орнында алғаш рет сән тарихына арналған кітаптың тұсаукесері өтіп жатқанын айта келе, ол бұл оқиғаның кездейсоқ емес екенін атап өтті, өйткені біз ХХ ғасырдың тарихы мен мәдениетінің қиын кезеңдеріне тоқталамыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. еліміздің адами капиталын дамытудың жетекші орталығы болып табылады. Біздің міндетіміз-жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар эстетикалық талғамды қалыптастыру, музыкалық таланттарды дамыту, өнерді түсінуге үйрету", – деді ЖОО басшысы өз сөзінде.

Университет басшысы автор ұсынған кітап бір кейіпкердің тағдырын ғана емес, сонымен қатар ХХ ғасырдың тарихи оқиғаларындағы әйелдердің рөлі мен үлесін де қамтитынын атап өтті. Жоғары сән әлемі туралы кітаптың тұсаукесері үшін Берлин Иришевқа алғыс білдіре отырып, университет басшысы автордың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесі туралы айтып, оның патриотизмі мен Отанына деген үлкен сүйіспеншілігін атап өтті. Кездесу барысында Берлин Кенжетайұлы "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталып, ғылым мен жоғары білімді дамытуға қосқан үлесі үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры атағы берілді.

Іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіре отырып Берлин Иришев: Әлемдегі сән падишалары туралы көптеген аңыздар бар екендігін, алайда адамдар тек фактілерге сенетіндігін, сол себептен бұл кітапті жазу барысында тек тарихи деректерге назар аударғандығын ашып айтты. Алла Ильчуннің өмірі туралы шынайы ақпарат жинау оңай болған жоқ. Алайда, шығармашылық топ аты аңызға айналған Париж сәнбикесі Алла Ильчун туралы тарихи мәліметтерді табу үшін көп жұмыс жасағандығын баяндады.

Кітапта алғаш рет сәнбикесінің жеке басын ашатын, оның өмірі мен мансабы туралы баяндайтын мұрағаттық құжаттар, отбасылық мұрағаттардан сирек кездесетін фотосуреттер, оның жалғыз ұлының естеліктері, сән тарихшыларының түсініктемелері, сондай - ақ халықаралық өнертанушылардың сараптамалық қорытындылары және оның әкесі Қуантқан Елшіннің қазақ екендігі туралы куәліктер жинақталған.

Іс-шара соңында кештің қатысушылары мен қонақтары автордың қолтаңбасы бар кітаптарды сыйға алды.

 

Қайрат Б.Қ.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының оқытушысы



Бөлісу: