Парасаты биік тұлға

Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы үшін өлшеусіз еңбек сіңіріп, пайымы кең парасатын ел ертеңі, халық қамына арнаған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жамалбек Шаймерденовтің 90 жылдығы аталып өтті. Шымкент қаласындағы 
Ғани Ильяев және Жамалбек Шәймерденов көшелерінің қиылысында орналасқан қоғам тұлғасының алып ескерткішіне облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр, облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Айтаханов, жерлестері атынан Отырар ауданының әкімі Е.Айтаханов пен мәслихат хатшысы М.Манапов және қызы М.Шаймерденовалар бастаған бір топ жұртшылық гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. 
Екі жыл Шымкент обкомының II хатшысы, 18 жыл облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымын атқарған Жамалбек Шәймерденұлының іске адал ерен еңбегі өз замандастары жадында заңғар биіктігімен есте қалса, кең пейілі мен дархан жүрегі ұрпағы үшін ескірмес өнеге. Бұл жөнінде Ж.Шанин атындағы драма театрына өткен жиында кеңінен айтылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Айтаханов қайраткердің өмір жолынан хабар беретін баяндама жасап, барша қазақ жұртына үлгі ізгі қасиеттерін жеткізді.
"Жақаңның ерекше қасиетінің бірі ол дос пен жолдасқа адал, мансабы биік болса да қарапайым, жастарға мейірімді еді. Дәлелді сөзге тоқтайтын, дәйексіз сөзге мойын бұрмайтын, сан құбылып жалпақтағаннан, сөзінде бәтуа, ісінде береке жоқ тұрақсыздықтан бойын аулақ ұстаушы еді. Адамды алалау, намысына тию, қиянат жасау, орынсыз ашу шақырып тиісу оған жат еді.
Жақаңның қарапайымдылығын сипаттайтын көріністің бірі облысқа келген басшылар үй салып, пәтерлерін ауыстырып жатса да, Жамалбек Шәймерденұлы бес перзентімен 20 жыл бір пәтерде тұрып, қызмет бабымен Алматыға көшіп кеткенде пәтерін өкіметке өткізіп кетті»,- деген сөздер дара тұлғаның бар болмысын паш еткендей.
Жиын барысында тұлға рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды. Торқалы тоқсан жылдығын Жамалбектей біртуар жанның өзімен емес ыстық естеліктерімен атап өткен жұртшылық облыстық тарихи-өлкетану музейінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Музейге сый тарту акциясы» негізінде Ж.Шәймерденовтің 90 жылдығына арналған «Асыл аға – текті азамат» іс-шарасына да қатысты. Жиын барысында қайраткердің ұрпақтары Ж.Шәймерденовтің өзі тұтынған жеке заттары мен мұрағаттағы құжаттарын музей қорына табыстады.



Бөлісу: