ПАРАЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ НАСИХАТЫ ЕЛІМІЗДЕ НЕГЕ БӘСЕҢ? (Сауалнама)
блог
Жақында өткен Паралимпиада ойындарына елімізден жеті бірдей мүмкіндігі шектеулі спортшы аттанған болатын. Дүбірлі доданың қызығы мен шыжығына куә боламыз деген дәмеміздің арты сұйылып кетті. Бір де бір БАҚ арнайы бас салып жазбағанын былай қойғанда, ақпарат көздерінің өзі спортшылардың тұманды альбионға баруы мен келуін жазып қана «құтылды». Күнделікті, әдеткі шаруаны айналдыруға үлкен еңбекпен қол жеткізетін мүгедектің әлем біріншілігінде өнер көрсетуге мүмкіндік алуын неге атап, баса айтпаймыз? Айтылмауы керек болса, себебі кәне? Бұл оймен спорт журналистеріміздің өзіне хабарластық. Мамандар не дер екен...
Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» қозғалысының лидері, спорт комментаторы:
- Паралимпиаданың қазақ БАҚ тарында насихатталуы жоқтың қасы. Тіптен салыстырмалы түрде үлкен олимпиада кезінде жарық көрген мақалалармен соңғы нәрсені салыстырсақ жермен көктей айырмашылық бар екенін байқаймыз. Өкінішке қарай паралимпиаданы жарнамалап оның маңызын түсіндіретін жұмыстар қазір жоқтың қасы және оны кім жүзеге асыру керек екендігі түсініксіз. Мемлекет те бұл мәселеге қатысты түбегейлі өз пікірін әлі білдірген емес, оны Азиада 2011 кезінде байқадық, немқұрайлық бар. Бұл мәселе жалпы әлі біздің ақпараттық кеңістігімізде "енді жандану керек" деген маңыздылықтардың қатарында.
Ғалым Сүлеймен, спорт шолушысы:
- Бұл күрделі мәселе. Себебі журналистикада жазылатын дүниеге сұраныс болуы қажет. Қазіргі кезде паралимпиадалық ойындарға деген қызығушылық бар деп ойламаймын. Бұл дұрыс емес. Бүкіл әлемдік қолдау тауып жатқан спортқа біздің елде де баса назар аударылуы тиіс. Насихат жұмыстарын жүргізу өте дұрыс. Мұны жан-жақты дамытуымыз керек-ақ. Бұл үшін, менің ойымша, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуын министрліктің деңгейінде қарастырсақ құба-құп. Келешекте бұл өз шешімін табатын мәселе деп ойлаймын.
Нұрбек Түсіпхан, «Алматы» телеарнасының журналисі:
- Паралимпиядаға әлемнің өзге елдері дәл біздің қоғам сияқты немқұрайлы қарамайтынын соңғы ойындары барысында көз жеткіздік. Әсіресе, Ресей, АҚШ және Еуропа халықтары бұл олимпиадаға қатысушыларға ерекше сенім артады екен. Кейде, пенделік түсінікке салып тіпті біздің өзіміз де "осының не керегі бар екен" дейтін ойдың жетегінен шыға алмай қалатын кезіміз аз емес. Бірақ, өмір сүруге кеудесінде жаны бар кез-келген тіршілік исеінің құқы бар екенін ескерсек біздің соңғы ойымыз барып тұрған менмендіктен, өзімшілдіктен тұратынын аңғарамыз. Сондықтан, қазақ қоғамы да, билігі де жарымжан жандарды кемсітуді қою керек. Ал, БАҚ-тағы насихатталуы әрине халықтың сұранысына байланысты. Не билігі, не халқы сұрамаса насихатталуы да мәз болмайтыны анық. Сондықтан, паралимпиаданы БАҚ жөнді насихаттамады деп өкпелеудің қажеті шамалы.
Ермұхамбет Мәулен, «Алматы ақшамы» Республикалық газетінің спорт журналисі:
- Жалпы паралимпиаданың бүкіл әлемде насихаты өте төмен. Ойлап қарасақ, мүгедек жандардың жүгіргені мен суда жүзуі, кір көтеріп, доп тепкені денеңді шымырлататын, жүрекке ауыр тиетін дүние ғой. 5-6 жыл бойғы тәжірибемнің өзінде мен мұндай жарыстарды көре алмайды екенмін. Орыс арнасында бір бағдарлама көріп едім. Туғаннан аяғы сал боп, кейінірек АҚШ-қа көшіп барып, сонда өз мүмкіндіктерін көрсетіп, әлемнің 18 дүркін чемпионы болды. Осы мысалдан-ақ түсінуге болады. Бізде, жалпы бұрынғы ТМД елдерінде үлкен спорттың өзі дұрыс насихатталып жатқан жоқ. Қазақстанда спорт атынан сөйлей алатын сайттардың өзін санап бере аламын. Төртеу-ақ. Бұдан кейін мүгедектердің телеарналарда, сайттарда насихатталуы туралы мәселені айта алмайды да екенсің. Тоқетеріне келсек, сөзсіз, насихат жұмыстарын дұрыс жасауға қадам басуымыз керек...
Руслан Меделбек, спорт комментаторы:
- Паралимпиада насихаты мемлекет тарапынан олимпиаданың көлеңкесінде қалып қойды. Мәселен, Қытай халық республикасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысып, өмірге деген құштарлығын арттыруы үшін меценаттар қыруар ақша бөліп, арнайы жұмыс жүргізеді. Ал біздегі меценаттар бұл мәселемен басын ауыртпайды. Тағы бір мәселе, бізде егер спортшыларымыз әлем біріншілігіне жолдама алса соның өзін үлкен жетістік көреді. Бұған тоқтап қалмау керек екенін сіз бен біз білеміз. Пекинге өткен жолы 5 қатысушымыз барса, Лондонға 7 толағайларымыз барып қайтты. Және елімізде паралимпиадаға жоғары статус беріле қойған жоқ. Шет елдердегі мүгедек спортшылар Италияда, Ұлыбританияда өтетін үлкен жарыстарға қатысуы арқылы тәжірибе жинақтайды. Ал еліміздің спортшыларының тәжірибе алуы үшін шекарадан асып көргенін біз әлі естімедік. Сөзсіз, насихат жұмыстарын күшейту керек те, Рио-де Жанейроға медаль үшін баруымыз тиіс.
Сауалнаманы жүргізген Ардақ ҚҰЛТАЙ