Парақорлық - дерт, күресу - міндет

Парақорлықпен күресу мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуы өте маңызды. Парақорлыққа нөлдік толеранттылық қағидасына сәйкес қатаң заң жүйесін орнату, арнайы ынталандыру жүйесін пайдалану, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді барынша цифрландыру құралдарын қолдана отырып, жемқорлыққа едәуір тосқауыл қоюға болады. Сонымен қатар, халықтың өз ынтасы да болуы керек. Халық өзі жаңаша өмір сүруге талпынған кезде ғана, билік тарапынан ұсынылған шаралар жемісті болады.

Бұл жағынан маңызды рольді БАҚ атқара алады деп үміттенеміз. Жалпы халыққа әсер ету арналарын пайдаланып, парақорлықтың әр адам үшін, әр отбасы, әр топ үшін, жалпы ел үшін жиіркенішті құбылыс екенін ұғындыру керек. Сонымен қатар, парақорлық еліміздің дамуын тежейтін негізгі кедергілердің бірі, еліміздің біртұтастығына, тәуелсіздігіне төндіретін қауіп екенін сезінуіміз керек. Халық саналы түрде шешім қабылдап, әр адам деңгейінде жоқ деуіміз керек.

Пандемия кезінде парақорлық деңгейі жоғары елдерде жағдай шиеленісіп кеткені көрінді. Transparency International агенттігінің есебінде айтылғандай, парақорлық елдіңденсаулық сақтау жүйесін әлсіретіп, демократияны құлдыратып, азаматтар өміріне қауіп төндіреді.

ТМД елдерінің ішінде парақорлықпен күресуден алдыңғы орынды алып келе жатқан Грузия еліне қалай қол жеткіздіңдер, неден бастадыңдар десек, төменгі, қарапайым, халық санасында норма саналып кеткен нысандардан бастадық деп отыр. Мысалы, жол полициясында, ескі кадрларды толығымен жұмыстан шығарып орнына жас мамандарды ғана алған. Бірте-бірте полиция қызметкерінің жалақысын 10 есеге дейін артырған. «Болмашы сомаға пара алып, жұмыстан айрылып, түрмеде отырғаннан, алмағаным тиімдірек» деген түсінік қалыптасты. Қалыптасқан стереотиптер осылайша жойылды. Құқық қорғау орындарында тәртіп орнаған соң, атышулы грузин ұйымдасқан қылмыстық топтары ізім-қайым жоғалды. Территориясы әлдеқайда үлкен, халық саны төрт есе көбірек болған біздің елімізде мұндай түбегейлі өзгерістер енгізу қиындау болып отыр.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында цифрландыру арқылы халық көптеген мәселелерін еш адам қызметіне жүгінбестен, оңай әрі тез алатын болды. Біздің елде де осы жүйе айтарлықтай тиімділігін көрсетті.

Парақорлық кең тараған тағы бір сала – салық салу жүйесі. Әдетте, бұл салық жоғары болғанда кең таралады. Сондықтан бірден-бір шешімі – салық қойылымын барынша азайту. Біздің елде шағын бизнеске салынатын салық көп емес, бірақ бизнесің өскен сайын тосқауылдар көбейіп, салық қойылымы да өсетіні өкінішті-ақ.

Еңлік Лати



Бөлісу: