Пара мұңы
блог
Бір күні пара атаулы жиналып, бір-біріне мұңдарын шағыпты. Әрине, әрқайсының «пара» атану себебі де әртүрлі. Мұнда шетелдің қазаққа қарға тамырлы туыс болып кеткен көк қағаздары да, төл теңгеміз де, ірі қара да, тоқты да, тіпті арзан қорапты шоколадтар да бар екен. Бірінші сөз алған «әкім пара» ауыр күрсінді. Өзінің арқасында таққа отырған әкім секілді сөз сөйлей алмай көп кібіртіктеді. Ақыры айтқаны бір-екі ауыз сөз болды:
- Ал, бауырлар. Енді осы күйге түсірген адамдарға ренішіміз зор. Мен себеп болып мансапқа ие болған әкім, үмітімді ақтамады. Үкіметтің ақшасын... жымқырып жатыр. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегенді ұмытты. Сол, енді бар айтарым осы. Өкпем қара қазандай...
Келесі сөзді алған «дәрігер пара» тіпті еңіреп жіберді. Ешкім де оны жұбата алмады. Өксігін басып, ықылық атып әрең сөйледі.
- Менің арқамда ақ халатта абзал жан атанған дәрігер қаншама адамның обалына қалды. Ол тіпті, тіпті....Аурулардың атын да, сипатында білмейтін...ақшаның күшімен диплом алған...өкінемін...кешіріңдер...,-деп үзіп-жарып сөйлеген болды. Ары қарай ащы өксік қысып, ұяттан өртене жаздап, бетін басып отырып қалды. Бір сәттік үнсіздіктен соң сөзді «мұғалім-пара» алды. Майын тамызып, қырық бес минут сөйлеген оның сөзі ешкімді де бей-жай қалдырмады. «Мұғалім-параның» ауылдан келген «ірі қара, тоқты паралары» да өз ойларын ашық айтты:
- Біз білмедік. Расымен де қай қораға не үшін айдалғанымызды білмедік. Кейін көмекейден өтіп кеткен соң бар шындық ашылып, санымызды соғып қалдық. Қазір бізді бөтен қораға тығып, өзі білім ордасын басын тыққан «мұғалім» балалардың обалына қалды. Басында жоқ білімді, білім сусаған балаларға тықпалайды да, өзі секілді жертыкеш етіп шығарады. Шіркін мына жерден шыға алсақ, бізді бергенді де, алғанды да аямай сүзгілер едік, - мөңіреп, маңырап улап-шулап кетті.
- Иә, дұрыс айтасыңдар, - деп олардың сөзін жалғастырған көк қағаз, - мен де сендердің күйлеріңді кешіп, бармағымды тістеп отырмын. Мен де біреуге «ұстаз» деген атты лайықсыз таңып бердім. Достар, бұлай жарамайды. Біздің де басқа адал еңбек, маңдай терлер сияқты адамдарға қызмет еткіміз келеді! Қашанға «қашан келіп алып кетеді, ұстап алады, біліп қояды» деп жалтақтаумен жүреміз. Біздің бе адамзат игілігі үшін жұмыс істегіміз келеді!- деген жалынды сөздермен аяқтады сөзін. Бәрі шулап оның сөзіне қосыла кетті. Одан кейін сөз алған басқа «паралар» да іштеріндегі запырандарын шығарып, кіжініп, күйініп, өкініп, жылайтыны жылап, күрсінгені күрсініп, бармағы барлары бармағын тістеп жиналысты бір күн, бір түнге созды. Сонымен жиналыс соңын қорытындылай келе, «пара» атаулы ереуілге шықпақшы болды. Иелеріне өздерін адал жұмсауларын талап етпекші болды. (Жиналысқа шетелге кеткен «паралар» келмегендіктен, оларға жиналыс қорытындысын электронды пошта арқылы жіберетін болып келісті. Әй қайдам, шетелдік банктерге мықтап сақталған олар үн шығара алар ма екен?) Бірақ, өкінішке орай тойымсыз өңеш оларды бір қадам да бері аттатпады. Бірақ, байқаңыз, бір күні өңешті жарып өтіп, алған «параңыз» алдыңыздан шығып, «сізді» қолымен күллі әлемге көрсетіп, мүйізімен сүзіп тұрмасын....Кім білсін, әлемде неше түрлі оқиғалар болып жатады ғой....