Папасы-ау, жыламаңызшы...

Папасы-ау, жыламаңызшы...
жеке
блог

*** Жетімге мүсіркеп қарама. Ол сенің аянышты кейпіңе мұқтаж емес. Саған дейін де, сенен кейін де талайлар мүсіркеп, олардан тағдыр атынан «кешірім» де сұраған. Шын мәнінде, ол сенің тек сөзбен емес, іспен көрінетін шынайы көмегіңе зәру. Екінің бірі мүсіркеп, аянышпен қарап, жылы сөздер айтып, жанынан екі адым аттаған соң бәрін ұмытып кете алады. Ал, жетімдер мұндай «көмекті» қажет етпейді аса. Оларға реалды, көзге көрінетін нәрсе керек.

Н.ғ.: ...біз сарғайған жапырақтардан күздің алтынға оранғанын көрсек, жетімдер бұл көріністен тек күздің «өліп» жатқанын көруі мүмкін...

 

*** «Аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты», - дейді. Әсілінде, қазағымда «ит - жеті қазынаның бірі.» Демек, құнды. Ал, мына тіркес «онша емес» мағынада. Бәлкім, тіркестегі екінші "ит" сөзін "шошқаға" алмастырса ше?... «Аузына ақ ит кіріп, шошқа шықты»...Шындық солай ғой...

Н.ғ: ...тек менің ойым ғой...

 

*** Биыл жаңадан сабақ беріп жүрген 2-сыныптағы оқушыларым (сыныпты екіге бөліп оқытқандықтан, 12 оқушы ғана): «Мақпал апай, бәрімізден сабақ сұрайды, бірақ жартымызға ғана баға қояды. Қызық апай өзі», - депті. Оларға күнде бәріне баға қойсаң журналдың толып кететінін, шындыққа жанаспайтынын, кейбіреуінен артығырақ сұрап жатқандығым, белсенді қатысып отырғандарды ерекшелегенімді қашанғы айтармын дейсіз? "Бүгін сен «5» алсаң, ертең басқасы алады. Бүгін белсенді болғаны ертең ерініп қалуы мүмкін, сол кезде сен мүмкіндіктеріңді, біліміңді көрсет. Алма-кезек қой бәрі де, балапандар-ау..."

Н.ғ.: ...өмірде де барлық адам бақытқа лайықты, тек өз кезегімен емес пе (?)...

 

*** Әкем ауырып қалыпты. Барған ем халін сұрап. «Сен уайымдама. Махаббат өзі келеді. Бәрі жақсы болады», - дейді жоқ жерден әрнәрсені айтып, өткен кеткенді қозғап отқан әкешім. Дәл сол кездері махаббат атауын құры сөз деп, жігіт пендесінен көңіл қалып, сезімді жерлеп тастағанымды сезгені ме, қалай өзі? «Папа-ау, ешкімге сенбеймін», - дедім. «Әрнәрсе өз уақытында, уайымдама», - деп шын мәнінде мен үшін өзінің уайымдап жүргендігін сездірді. «Папа-ау, біздің жүректі ауыртып, осы күйге түсірген сол адам, шын мәнінде, ешкім емес, алаңдамаңызшы? Жүрегім жараланғанымен, көңіл қалғанымен, мен әлі де өмір сүрудемін. Себебі, Сіз барсыз!»... дедім ішімнен мені құшақтап жылап отырған әкемнің көз жасын сүртіп..."Арқа сүйеп жүрген адамың жыласа, істің расында қиындағаны" дегенді оқығаным бар еді. Сонда менің шаруам шырқау шегіне жеткені ме? "Папасы-ау, жыламаңызшы... Бәрі жақсы болады..."

Н.ғ.: ...әкетайымның осыншалықты қартайып кеткенін бұрын қалайша байқамағанмын. Әлде өзгенің "тойы" әкем үшін ауыр тиді ме екен... кім білсін...