Пандемия шоколад өндірісіне қалай әсер етті?
блог
Қазіргі пандемия нарыққа қолайлы болып отырған жоқ. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кей өндірістер тоқтап, шикізат қоры мен тауар тасымалына нұқсан келіп жатыр. Әсіресе тағам өндірісінің хал-ахуалы көпке беймәлім. "Рахат" кондитерлік фабрикасының басқарма төрағасы Константин Федорец шоколад өндірісіне қатысты баспасөз конференциясында жауап берді.
Басқарма төрағасының айтуынша, пандемияның әсерінен қазір әлемдегі өндіріс біршама қиын жағдайда. Негізгі тұтыну тағамынан тыс кондитерлік өнімдердің дамуына да кедергі келтіруде.
"Кондитерлік өнімдер арасында қымбат шоколодқа деген сұраныстың азайғаны байқалады. Бірақ піспенан мен вафлидің сатылымы артты. Шамамен, 15-20 пайызға дейін өсті. Мұны түсіндіру оңай. Өйткені қазіргі кондитерлік нарықтың өзі осы салаға – піспенан өндірісіне бағыт бұруда. Сондықтан биыл біз піспенанның бірнеше түрін өндіруге кірістік", – дейді Константин Федорец.
Кәсіпкердің айтуынша, әлемдік нарықта қазір ірі тенденция байқалуда. Яғни, мемлекеттердің тұтыну мәдениеті өзгеріп, қант пен көмірсу тұтынуды шектеуде. Бұл семіздіктен, артық салмақтан арылумен байланысты.
"Бірақ қантты адамзат ғасырлар бойы тұтынып келе жатқандықтан, одан бас тарта алмайды. Оның тамақтану мәдениетіне сіңіп қалған салт сол күйі қалмақ. Сондықтан қазір тақта шоколодтың сұранысы жүріп. Биыл "Қазақстан" шоколадының өндірісі 5%-ға артты", – дейді кәсіпкер.
Кондитерлік фабрика жыл басында біраз қиындық көргенімен, қазір экспорт ашылып, соның есебінен шығындарын жапқан.
"Шекара жабылғанда Ресей, Германия мен Қырғызстан нарығындағы тағам өндірісі біраз босап қалды. Ал шекара ашылған кезде, бұрын жіберілмей қалған тауарлары тасымалдадық. Қазір Қытай мен Өзбекстан нарығының ашылғанын күтіп отырмыз", – дейді Константин Федорец.